Отбасы... Бала тәрбиесі (3)
— Сабырлы, байсалды болыңыз. Тез ашуланатын, айғайлап ұрса беретіндер қатарынан болмаңыз. Өзге біреуге ашуланған кезде ашуыңызды баладан алмаңыз. Бұдан балаңыздың көңілі қалады, жүйкесі бұзылады, сізге деген сенімі кетеді. Балаңыздың ашушаң, қызба мінезді болуына ықпал етеді.
— Балаңызға ой-пікірін жеткізе алуына жәрдемші болыңыз. Айтқан сөзін елемеу, тыңдамау, “жарайды” деп қысқа қайыру, “бөлмеңе бар” деген сияқты сөздермен бетін қайтару баланың өзіне деген сенімін сарқылтады. Пікірін бір кісідей тыңдап, тұшымды жауап қайтаруға мән беріңіз. Бала сыртта ойын еркін жеткізе алуды, сөйлеуде батыл болуды үйде үйренеді.
— Позитивті болуға, болымды ойлауға тырысыңыз. Сонда бұл халіңіз балаңызға да өтеді. Позитивті ойлау дағдысының адам өмірінде орасан зор маңызы бар.
— Қателескен кезіңізде балаңыздан кешірім сұраңыз, сонда ол да кешірім сұрауды үйреніп, кешірім сұраудың айып емес екендігін ұғынады.
— Балаңызға орынсыз, қайта-қайта сын айта бермеңіз. Біле білсеңіз сын естуді ешкім ұнатпайды. Үнемі сын естіп өскен бала бақытсыз болады. Өтірік айтуға әдеттенеді. Маңызды қателерін жылы сөзбен түсіндіру арқылы түзетуге тырысыңыз. Түзету кезінде асығыстыққа жол бермеңіз.
— Балаңызға нені, неліктен жасамауы керектігін себептерін түсіндіре отырып, көрсете отырып айтыңыз. Бұл әрекетіңіз оның ақылмен санасып әрекет етуіне ықпал етеді.
— Баланың салауатты жетілуі жалпылама ынтымағы жарасқан, бақ-берекелі отбасы ішінде орын алады. Сондықтан, қорыта келе, тілеріміз – бәріңіздің балаларыңыз озат, отанына пайдалы азамат болып өссін, отбасыңыз мейірім мен махаббатқа толы болсын!