Untitled Document

Отбасы... Бала тәрбиесі (1)

— Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы және өзіне деген құрметі мен сенімділігі мықты болуы көбінесе ата-анасынан алған тәрбиесіне байланысты. Ата-анасының жүріс-тұрысы мен қылықтарын өзіне бұлжымас үлгі етіп алатын бала жақсы немесе жаман қылықтардың көбісін олардан үйренеді. Сондықтан өз жүріс-тұрысымызға, әсіресе бала алдындағы әрекеттеріміз бен сөздерімізге, қандай жағдайда да шектен шықпауға ерекше мән беру керек. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деп бекер айтылмаған ғой.

— Баланың ашуланған кездерін, қорыққан және абыржулы кездерін байсалдылықпен жөнге келтіруге тырысыңыз. Ашуға ашумен жауап қайтару дұрыс емес. Салмақты әрекетпен, жылы сөзбен мұның дұрыс еместігін түсіндірген немесе ашуы басылғанын күткен абзал. Ашуланғанында сұрағанын беріп құтылу да шешім емес. Ашу шақырсам, жыласам дегеніме жетеді екенмін деген ой қалыптасуы мүмкін. Ашуын жайландыру үшін  мәселен, баланың көңілін басқа нәрсеге аударуға болады. Бұл ойыншық, жаңа кітап, өзгеше дыбыс, келген адам секілді кез келген нәрсе немесе құбылыс болуы мүмкін. Сондай-ақ ашудың себебін анықтап, бұдан кейінгі жағдайларда мұның алдын алудың жолын қарастыру да нәтеже береді. Мәселен, ойын-сауық паркінен қайтуы қиын балаларға, “өткендегідей мінез көрсететін болсаң, келесі жолы апармаймын” деп ескерту және қайтардан 10-15 минут бұрын біраздан кейін қайтатынын айтып, баланы қайтуға алдын ала дайындау келеңсіздіктің қайталанбауына септігін тигізеді. (Жалғасы ертең...)