Денсаулық... Пластикалық ыдыстардағы қауіп (1)
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан пластикалық ыдыстардан тұтынылатын суларда гормон жүйесіне әсер етіп, бедеулікке себеп болатын, балалардың жетілуін тежейтін, иммунитет жүйесін бұзатын және қатерлі ісікке себеп болатын уытты заттар бар екендігі мәлімденген болатын. Ал Канада үкіметі балаға сүт беретін пластикалық бөтелкелерге ресми түрде тыйым салды. Канаданың денсаулық сақтау министрлігі пластикалық ыдыстардың құрамындағы “Бисфенол А” қоспасын улы және қауіпті заттар қатарына жатқызып, Бисфенол А ыстыққа тап болғанда кансерогендік әсер қалдыратындықтан, халықты пластикалық ыдыстарды қолданбауға шақырды. Зерттеулер пластикке қаттылық пен мөлдірлік қасиетін беретін “бисфенол А” қоспасының тіпті ана сүтіне де өтетіндігін көрсетті. Мамандардың айтуынша, “Бисфенол А” күн астында немесе 50 градусқа тап болғанда, еріп, азыққа араласады. Азық арқылы денеге сіңген бұл химиялық қоспа гормондарға ұқсас келетіндіктен, өсу гормоны, эстроген, тестестерон гормондарының бөлінуі азаяды. Бұл гормондардың азаюы әйелдерде де, еркектерде де бедеулікке себеп болады. Сондай-ақ зерттеулерде пластик құрамында болатын “бисфенол А”, “диоксин”, “фталат” қоспасымен әсерленген ана жатырындағы бала, жаңа туған сәби және жеткіншек балаларда жетілу және өсу үрдісінде келеңсіздіктерге, ерте жыныстық жетілуге, ал ересектерде қатерлі ісік, простатит, жүрек-қан тамыры аурулары, семіздік, қант диабеті ауруларына себеп болатындығы мәлімденді. (Жалғасы ертең...)