Жалғасы... Мазлұмның дұғасы (2)
Әділетсіздікке ұшыраған ұста осыншалықты жалбарынып отырғанда, патша үйінде рахаттанып ұйықтап жатқан болатын. Түсінде өте қуатты төрт адам оның тағын төңкеріп жатқанда шошып оянады. Түсінен қорқып, дереу дәрет алып, екі рәкат намаз оқиды да, тәубе етіп қайтадан ұйықтайды. Тағы да сол төртеудің тағын төңкеріп жатқанын көріп оянады. Өзінен зұлымдық көрген адамның наласы бар екенін түсінеді де, күндізгі ұрыларды есіне алады. Мүмкін ішінде жазықсыз біреу бар шығар, деп дереу зынданның басшысын шақырып сұрайды:
- Кеше жазықсыз зынданға тасталған адам болды ма? – дейді.
- Мырзам, ол жағын білмедім. Бірақ, кешегілердің ішінен біреуі намаз оқып, көз жасын төгіп көп дұға етті,- дейді. Сонда әмірші:
- Ол адамды менің алдыма әкеліңдер! - деп бұйырады.
Ұста әміршінің алдына келгенде оқиғаның мән-жайы сұралып, кінәсіз екені анықталады. Сосын әмірші оған былай дейді:
- Жазықсыз түрде зынданға тастағаным үшін кешіре гөр! Мына мың күміс ақшаны өзіңе сыйға тарттым, егер басыңа іс түссе тікелей өзіме кел! - дейді. Сонда нұрлы жүзімен жымиған ұста былай дейді:
- Мен сені кешірдім, сыйлығыңды қабыл алдым. Бірақ басыма іс түскенде саған келе алмаймын.
- Неге келе алмайсың?
- Өйткені, мендей бір пақыр үшін сен сияқты сұлтанның тағын бірнеше рет төңкерген жаратушы ием тұрғанда, қалауымды сенен сұрағаным құлдыққа жараспайды ғой. Намаздардан соң оқыған дұғаларым арқылы мені қаншама қиыншылықтан құтқарып, қаншама мақсатыма қауыштырды. Енді мен қалайша басқа біреудің алдына сыйынып барамын? Раббым шексіз рақымдылық қазынасының есігін ашып, шексіз ихсан дастарханын баршаға жайып отырғанда басқаға қалай барамын? Кімнің қалағанын бермеді? Кімнің қолын бос қайтарды? Әрине қалай сұрауды білмегендер, ала алмайды. Құзырына әдеппен шықпағандар, рақымдылығына қауыша алмайды...