Сұхбат... Бір-біріңді жақсы көріңдер!
Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көрген мүминдер Махшар күні Арштың астына көлеңкелейді» деген. Күн бір найза бойындай жақын болатын, ешқандай көлеңке болмайтын, елу мың ахирет жыл күтілетін Махшар алаңында өте ұзақ, қорқынышты күнде, бәрі пәлекетте болғанда, бір топ адам Арштың астында көлеңкеде болып рахаттанады. Оларды көргендер «Бұлар пайғамбар ма?» деп сұрайды. Оларға «Жоқ» деп жауап беріледі. «Онда олар әулиелер ме?» дейді. Бұған да «Жоқ» деген жауап алады. «Олар кімдер?» деп сұрайды. Сонда «Олар Мұхаммед алейһиссаламның үмбетінен болып, Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көрген мұсылмандар» деген жауап алады.
Әһли сүннет ғалымдары «Аллаһу та'алаға шүкір ету үшін бір-бірлеріңді жақсы көріңдер» деген. Бауырмал болуымыз, бірлік, ынтымақ ішінде болуымыз, бір-біріміздің кемшіліктерімізді көрмеуіміз, бір-бірімізге қамқор, көмекші болуымыз қажет. Бір-бірімізді жақсы көруіміздің үлкен пайдалары бар. Біріншісі, Аллаһу та'алаға шүкір еткен боламыз. Өйткені Аллаһу та'ала берген ниғметтерінің шүкірін талап етеді. Оның шүкірі – мүминдердің бір-бірін жақсы көруі. Екінші пайдасы, дүниеде кім кімді жақсы көрсе, ахиретте онымен бірге болады. Үшіншісі, бір-бірін Аллаһ үшін жақсы көргендер ахиретте бүкіл адамзат сүйсіне қарайтын үлкен ниғметтерге бөленеді, Аллаһтың разы болған, жақсы көрген жерінде, яғни жәннатта кездеседі.