Күннің тарихы... Нұркен Әбдіровтың 100 жылдығы
Нұркен Әбдіров (1919 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы бұрынғы бесінші ауыл, қазіргі Нұркен атындағы шаруашылық аумағында дүниеге келіп, 19.12.1942, Ростов облысында қаза тапқан.) - әскери ұшқыш-штурмовик, сержант, Кеңес Одағының Батыры (1943 ж. қаза болған соң берілген). 1939 ж. Қарағанды аэроклубының ұшқыштар курсын бітіріп, запастағы пилот мамандығын алды. Қызыл Армия қатарына 1940 ж. шақырылды. Орынбор авиация училищесін бітіргеннен кейін (1942 ж. ), 267-ші авиация дивизиясының 808-ші полкіне жіберілді. Шайқаста ержүректілігімен, іскер қимылдарымен көзге түсті, жаудың оқ-дәрі, қару-жарақ қоймаларын, адам күші мен ұрыс техникасын жойды. 16 рет әуе шайқасына қатысып, фашистердің 12 танкісін, 28 жүк автомобилін, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, жанармай құйылған 3 цистернасын, 3 зеңбірегін жойып, 50-ден астам неміс солдаты мен офицерін жер құштырған. 17-жауынгерлік тапсырмасын алған (19. 12. 1942 ж. ) Н. Әбдіров жаудың Сталинград шебіне енетін Боков-Пономаревка аудандағы қорғаныс бекінісі мен шоғырланған танкілерін жою үшін әуеге көтерілді. Тапсырманы орындау кезінде Н. Әбдіров бірнеше дзотты, зенит артиллериясының 2 нүктесін, 6 танкті жойды, бірақ өзінің ұшағы да зақымданды. Жалын шарпыған ұшағын жау техникасы шоғырланған тұсқа бағыттап қаһармаңдықпен қаза тапты. Ростов облысының Вешенск ауданның Н. Әбдіров жерленген Коньки хуторында, Қарағанды қаласында, сондай-ақ өз есіміндегі ауылда (батырдың туған жерінде) Н. Әбдіровке ескерткіштер орнатылған. Қарағандыда Н. Әбдіров атындағы даңғыл бар.