Жалғасы... Кәсіп таңдау (3)
Кейбіреулер бар жұмысын лажсыз, амалсыз орындап жатады. Өзін мәжбүрлеп, амалдың жоқтығынан сол іспен шұғылданатындарда ол жұмыстың көгермеуімен қатар өзінде стрес, берекесіздік орын алуы мүмкін.
Әр адамның табиғаты әр түрлі келеді және әр адамның өзіндік ерекшелігі, кейбір кәсіптерге бейімділігі болады. Біреулер бір орында отырып компьютер алдында жұмыс істеуге бейім келсе, біреулер ұшқалақ болуы мүмкін, байлап қойсаң бір орнында отыра алмайды. Біреудің ғылым қуалап жаңалық ашуға құштарлығы басым болса, біреулер бұзылған бұйымды жөндеуден рахат алуы мүмкін.
Жақсы көретін, жақсы жұмыс таңдау керек, сонымен қатар әр жұмыста өзіне жараса қиындықтар, кедергілер болуы қалыпты нәрсе екенін естен шығармаған жөн. Табандылықпен, тәжірибемен, өзіңді шыңдаумен бұл қиындықтарды жеңе білу керек. Осы тұрғыдан кілт етсе түрлі себептерді сылтау етіп, қайта-қайта жұмыс ауыстыратындардың қатарында болу дұрыс емес. Бір жұмысты жақсы істеу, оны көп істеу арқылы жүзеге асады. Аталарымыз «Ағаш бір жерде көгереді» деген. Қандай кәсіп болмасын тұрақты жасалған сайын сол істе тәжірибесі, жұмыстың сапасы, жемісі көбейеді. Бәлкім лауазымда келесі сатыға көтерілу немесе тұрақты тұтынушылар, таныс-білістер көбейер, яғни сол саладағы жаңа есіктер ашылады. Жұмыс сапалы болған сайын сұраныс көбейеді, сұраныс көбейген сайын табыс көбейеді. Қорыта келе айтарымыз жақсы көріп істейтін кәсіп таңдау және қай салада жүрген болсақ, сол саладағы ең жақсы маман болуға тырысу керек.