Кәсіпкерлік... Кәсіп таңдау (1)
Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демекші кәсіп таңдап, жұмыс табу үлкен өмірге қадам басқан жастардың басты мұрат-мақсаты десек артық етпес. Кәсіп - өмірдің ең маңызды бөлігінің бірі, өйткені өмірдің едәуір бөлігі, күннің 7-8 сағаты сонда өтеді. Сондықтан кәсіп таңдау мұны ескеріп мұқият болуды талап етеді. Бұл тақырыпта ата-ананың, ағайынның, мұғалімнің, өмір жолында тәжірибесі мол аға-әпкелерден кеңес алған жақсы болады. Сондай-ақ өзінің табиғатын, қабілетін, мінезін, нендей іспен айналысуды ұнататынын ескеруді назардан шығармау керек.
Әр түрлі маман иелерінен қандай жағдайда жұмыс істейтінін, қандай ауыртпалығы, қандай артықшылықтары барын сұрап, мүмкіндік болса барып өз көзімен көріп, толық бір күн сол маманның жанында болудың пайдасы бар. Бұл іс ыңғайлы ма, жоқ па деп оқыған, естіген, көргендеріңді, өз қабілеттерің мен мүмкіндіктеріңді саралап, мүмкіндік болса кәсіби бағдар беретін арнайы мамандардан кеңес алып барып таңдау жасаған жөн.
Әр адамдар әртүрлі пікір айтуы мүмкін. Өз кәсібін жақсы көрмейтіндер асыра жамандап, жақсы көретіндер асыра мақтауы мүмкін. Мұны да ескеріп бейтарап ақылмен таразыға салу қажет. Кей адамдар өзі басқаша ойлап тұрғанымен біреудің айтқанын құптағыш, еліктегіш келеді. Келесі адам дәл сол тақырыпта басқаша көзқарас айтса, оны да мақұлдап кетеді. Жалпылама жеке-дара және шығармашылық ой түзе алуға дағдылану керек. Сондай-ақ жауапкершілікті болу, адамдармен тіл табыса алу, байланыс құра алу, біріге жұмыс жасай алу, көпшіліктің алдында ойын жеткізе алу сияқты қабілеттерді жетілдіруге тырысу керек. (Жалғасы ертең...)