Жалғасы... Әр оқушының ас мәзірінде болуы тиіс азық-түліктер (2)
Сарымсақ: Сарымсақ қан айналымын жақсартады, нәтижесінде миға оттегі жақсы барып, жұмыс істеу қабілеті артады. Сондай-ақ инфекциялық аурулар өршитін күз және қыс мезгілінде иммунитетті күшейтуде аса қажет. Күнінесарымсақ тісінен 2-3 тілімін бөлігін тағамға қосып жеп тұрса, вирустарды жойып қана қоймай, есте сақтау қабілетін де арттырады. Сарымсақ жегеннен соң ауыз қуысында иіс болмау үшін, ақжелкеннен кішкене шайнап жіберсе жеткілікті.
Брокколи: Мидың жұмысын жақсартатын К дәрумені брокколидің құрамында көптеп кездеседі. Сонымен қатар, қырыққабаттың бұл түрі бор элементіне бай. Жалпы қырыққабаттың барлық түрі мидың жұмыс істеу қабілетін жақсартады.
Сүт өнімдері: Сүт өнімдері кальций, ақуыз, дәрумендер мен басқа да құнарлы заттардың көзі саналады. Бала ағзасының қажеттілігін көбіне сүт өнімдері өтейді.
Сары май: Сары майдың құрамында ой белсенділігіне жақсы әсер беретін дұрыс майлар бар. Сондықтан да қарабидай нанына сары май жағып жеу пайдалы таңғы ас қатарынан түспек емес.
Жаңғақтар: Жаңғақтар ой белсенділігін арттыруда таптырмайтын азық-түліктің бірі. Құрамы калий, кальций, магний, фосфор, темір және басқа да минералдарға бай.
Жүзім: Жүзім ми жасушаларының қоректенуін жақсартып, бүлінуден сақтайды. Оның құрамында қант, жасұнық, органикалық қышқылдар, аскорбин қышқылы, В дәрумені, пектинді заттар, ферменттер, көп мөлшердегі калий бар.
Лимон: Баланың есте сақтау қабілетінің жақсаруына таңғы шайға салынған лимонның бір тілімі жеткілікті. Бұған лимон құрамында көп кездесетін С дәрумені өз септігін тигізеді.
Бал: Бал иммунитетті күшейтеді және энергияның қайнар көзі болып табылады, мидың жұмысын жақсартады. Балды шайға қосып емес, таза өзін жеген абзал. Ыстыққа түскенде ол өзінің барлық пайдалы қасиеттерінен айырылып қалады. Балды ботқаларға қосуға болады. Ол қанттың дәмді әрі пайдалы баламасы болып табылады.