Жалғасы... Қарттарға қамқор болу (2)
Пайғамбарымыз: «Егер сүт еметін балалар, белі бүгіңкі қариялар, жайылымдағы жануарлар болмағанда бастарыңа азап селдей ағып келер еді» деген.
Қоғам адамдардың бір-біріне қамқор болуы, мейірімді болуы, жас-кәрі барлығының бір-біріне деген сүйіспеншілігі, құрметі арқылы көркейеді. Егер кәрілер пайдасы жоқ деп тәрк етілетін болса, ол қоғам құлдырауға ұшырайды. Құлдырамаған күнде де ол қоғамда тыныштық, береке қалмайды.
Егде жастағыларды бұл кезеңдерінде жалғыз тастамау керек. Олар бұл кезеңде көбінесе жас баладай, сезімтал келеді, бұрыңғыдан да көп сүйіспеншілік, құрмет күтеді. Ізделуін, сұралуын қалайды, қадірлі екендіктерін сезінуді қалайды. Әсіресе бала-шағалары тарапынан зейін, ілтипат көргісі және сыйлық алғысы келеді. Мен кәрімін ешнәрсеге жарамаймын, сондықтан қадірім қалмады, айтқанымды ешкім тыңдамайды деген ойларға түседі. Қарттар үйіне тасталғандары болса, мені қаламайды, мені жақсы көрмейді деп тіптен күйзелістерге түсіп өмірлері түңілумен өтеді.
Қариялардың бізден күтетін ең маңызды нәрсе – құрмет. Өйткені бізден құрмет көрген сайын өткізген күндерінің босқа кетпегенін түсінеді. Лайықты құрмет көрсетіп, кейбір нәрселерде олармен ақылдасып, әлі де оларға мұқтаж екенімізді сезіндіруіміз керек. Олар біздің жастық шағымызды өткермейді, бірақ ертең біз олардың кәрілік шағын өткереміз, осыны ұмытпауымыз керек. Дүние кезек, бүгіннің ертеңі де бар.
Кейбір нәрселерді артқа қайтару мүмкін емес. Перзент ретінде мойнымыздың борышын дұрыс атқарсақ мәселе қалмайды, өмір бойы әттең былай еткенде ғой, әттең былай етпегенде ғой деген уайым жемейтін болады.