Ғибрат... Туфәйл бин Амр
Пайғамбарымыз Меккеде адамдарға ашық түрде насихат айтып, оларды Ислам дініне шақырып жүрген жылдар еді. Меккелік мүшріктер пайғамбарымыздың бұл әрекеттерін текке шығаруға бар күшін салатын. Осындай күндердің бірінде мәшһүр ақын Туфәйл бин Амр Меккеге келеді. Оны көрген мүшріктер: «Ей, Туфәйл! Арамызда пайда болған Абдулмутталибтың жетімінің таңқаларлық қылықтары бар. Айтқан сөздері сиқыр сияқты. Айтқан сөздерімен адамдардың арасында дау туғызуда. Ешкім бір-бірін тыңдамай мұсылман болуда. Басымызға төнген бұл бөліну бәлесі сені мен қауымыңның басына да келе ме деп қорқамыз. Саған берер ақылымыз - онымен мүлдем сөйлеспе. Өте абай бол. Бұл жерде ұзақ қалмай, дереу еліңе қайт» деді. Бұдан кейінгісін Туфәйл бин Амр (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Ант етемін, бұл сөзді қайта-қайта айта бергені соншалық Расулулллаһпен сөйлеспеуге, сөзін тыңдамауға бел будым. Тіпті, Қағбаға кірген кезімде сөздерін естіп қоймайын деп құлағыма мақта тығып алдым. Расулуллаһтың сол жерде намаз оқып отырғанын көрдім. Хақ та’аланың хикметімен оқыған кейбір сөздері құлағыма шалынды. Естіген сөздерім не деген керемет сөздер еді. Өз-өзіме: «Мен жақсы мен жаманды ажырата алмайтын адам емеспін. Әрі ақынмын. Мұның сөздерін неге тыңдамасқа? Сөздерін дұрыс деп тапсам қабылдаймын, ұнамаса қабылдамаймын» дедім де бір жерге жасырынып, пайғамбарымыз намазын бітіріп үйіне кеткенше күтіп тұрдым. Сосын оның артынан жүріп отырдым. Ол үйіне кіргенде мен де артынан кіріп: «Йа, Мұхаммед алейһиссалам! Мен бұл өлкеге келгенімде сенің қауымың маған солай-солай деді. Сенен аулақ жүруімді ескертті. Қорқып, сенің сөзіңді естімеу үшін құлағыма мақта тығып алдым. Бірақ, Аллаһу та’ала сенің сөздеріңнің біразын маған естіртті. Олар өте жақсы сөздер екен» дедім. Пайғамбарымыз маған Исламды түсіндіріп, Құран кәрімді біраз оқыды. Ант етемін, өмірімде одан артық сөз естіген емеспін. Дереу кәлима айтып, мұсылман болдым.