Untitled Document

Ғұлама... Мәулана Жалаләддин Руми

Мәулана Жалаләддин Руми (1207-1273) Ауғанстанның Бәлх қаласында туып өсіп, кейіннен отбасымен Анадолу аймағына қоныс аударып, Конья қаласында күн кешкен әулиелердің бірі. Моңғолдардың түркі бектіктерін жаулап, салық жинап, өктемдік жүргізіп жүрген кезі болғандықтан Анадолу шиеленісті кезеңдерді бастан өткеріп жатқан болатын. Илхандар патшасы Кейхату Конья қаласына жорық жасамақ болғанында түсіне кіріп: «Коньяға жорықтан бас тарт!» деп ескерткен екен. Түсінен әсерленіп оянған Кейхату: «Бұл кісі жай адам емес. Әр қалада осындай адамдары болғанда бұлар жеңілмес еді»  деп кері шегінген көрінеді. Моңғолдардың Шам қаласына шабуылы кезінде де керемет көрсетіп ислам әскеріне көмектескендігі риуаят етіледі.

Осындай аласапыран заманда хазреті Мәулана әһли сүннет қағидасы бойынша моңғолдарға қарсы келмеді. Олармен жақсы мәміледе болады. Тіпті моңғолдардың зиялылары хазреті Мәулананың сұхбаттарына, дәрістеріне келе бастайды. Халық та қан төгістің тоқтауы үшін және жағдайдың тұрақталуы үшін моңғолдардың билігіне бой сұнған кезең болатын. Моңғолдардың Орта Азиядағы шапқыншылығына куә болған Мәулана оларға қарсы күресудің нәтиже бермейтіндігіне көз жеткізіп, халықтың қырылуының алдын алуды ойлаған болатын. Жиһадты мемлекет жасайды. Халықтың жиһады фитна (бүлік) шығармастан әмри маруф жасау (дінді, жақсылықты насихаттау) деп айтатын. Хазреті Мәулана көреген ғалым болғандықтан осылайша моңғолдармен жақсы мәміле орнатып халықты және дінді қорғаған. Диуан Кәбир кітабында «Моңғолдардан қорқып тұрсаңдар Аллаһты танымаған екенсіңдер. Сендер оларға қарап кәпірді көрудесіңдер. Ал мен араларынан жүз дана иман байрағын санаудамын» деген мағынадағы өлең шумағы орын алған. Илхан патшаларынан мұсылмандықты қабылдаған Ғазан хан осы шумақты киген шапанының арқасына алтын әріптермен жаздырады.