Жалғасы... Моңғол шапқыншылығы (2)
Моңғолдар басып алған қалаларын жермен жексен етті, халықты қырғынға ұшыратты. Шапқыншылық кезінде миллиондаған мұсылманның қаны төгілді. Тарихта теңдесі жоқ пәлекет болды. Шыңғыс хан 1227 жылы өлгеннен кейін Ираннан Қытайға дейін созылып жатқан иперияны 4 баласы бөліп алады. Жошыға Ертістен Орал тауына, одан оңтүстікке қарай Каспий теңізі мен Арал төңірегіне дейінгі жерлер, Орта Азиядағы иеліктерінен Солтүстік Хорезм мен Сырдария аймағы, Шағатайға Мауераннахр, Жетісу, Қашқария, Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Төле әкесінің ұлысы Моңғолияны мұраға алды. Шыңғысханның немересі Хулагу 1258 жылы Бағдатты басып алып, Аббаси империясын құлатты. 800 мыңнан астам мұсылманды қырғынға ұшыратты. Сәлжүктерді де соғыстарда жеңіп тізе бүктірді. Бұдан кейін Сәлжүктер ұсақ бектіктерге бөлініп, моңғолдарға (Илхандар мемлекетіне) салық төлеп отырды.
Әйтсе де осындай аласапыран кезеңде тарихта сирек кездесетін оқиға орын алды. Жаулаушылар жеңіліс тапқан мұсылмандардың мәдениетінен үлкен әсер алды. Алтын орданың ханы Берке хан Ислам дінін қабылдады. 1312 жылы Өзбек хан Алтын ордада Ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялады. Илхандар патшасы 3-ші Илхан Текудер мұсылмандықты қабылдап есімін Ахмед деп өзгертті. Араларында буддисті, шаманы, христианы да бар моңғолдар жаппай ислам дінін қабылдап, жергілікті халыққа сіңісе берді. Ислам дініне көп қызмет етіп, мешіт медреселер салғызды. Моңғолдардың түркіленіп, мұсылмандықты қабылдауы түркі тарихының ең маңызды оқиғаларының бірі, түркі-ислам мәдениетінің жеңісі деуге болады. Моңғолстанның сыртындағы бүкіл моңғолдар ислам дінін қабылдап, жергілікті түркі халықтарына сіңісіп кетті.