Untitled Document

Ғибрат... Дұғаның дереу қабыл болуы

«Аузы дұғалы кісі екен, дұғасы тез қабыл болады екен» деп естіген аталарымыз көп өткенін білеміз. Дұғаның қабыл болуы үшін күнә істемеу және халал азықпен қоректену керек. Әулиелерден Әбу Исхақ хазреттері бір саяхаттан қайтып келе жатқанда алдынан екі адам тым абыржыған күйде қарсы алады да, айтады:

- Біз үлкен қиыншыққа тап болдық, өміріміз қауіпте. Біздің басшымыздың екі аты бар еді, ақырларынан босап, қашып кетті, енді тауда жүр, оларды ұстап алмасақ, екеумізді де жазалайды. Аттарға жақындасақ қашып, ұстатпауда. Не істерімізді білмей жатырмыз,-дейді. Мұны естіген әулие кісі атынан түсіп, екі рәкат намаз оқып, қолдарын жаяды да, дұға етеді. Жайылып тұрған қолдарын әлі түсірмей тұрғанында-ақ аттар өздері келіп, бағынады. Мұны көрген әулиенің шәкірті:

- Ұстазым, бұл қандай дұға еді? Мұны бізге де үйретіңізші, біз де қажетті жағдайларда осы дұғаны оқиық, - дейді, сонда мынадай жауап алады:

- Бұл дұғаның осылай дереу қабыл болуына – отыз жыл бойы аузымнан харам азық өтпеуі себеп,- дейді.

Күнәһардың дұғасы қабыл болуға лайықты болмаса да Хақ та’ала дұға еткен адамның қолын бос қайтармайды. Дұғаның себебімен күнәлары кешіріледі немесе келе жатқан бір бәлеге тосқауыл болады немесе басындағы бір қиыншылық шешіледі немесе ахиретте үлкен сауапқа қауышады. Сондықтан лайықты болмасақ та дұға етіп жүруіміз керек.