Әдеп-ахлақ... Ужбтан сақтанайық
Жасаған жақсылықтарымызды ұмытайық, есімізге түсірмейік және басқалардың да есіне түсірмейік. Егер айтатын болсақ, міндетсінгендей боламыз.
Сүйікті пайғамбарымыз «Кіші күнәдан сақтанасыңдар, бірақ одан да үлкен күнәға түсулеріңнен қорқып жатырмын» деген. Кіші күнәлардан да сақ жүрген адам үлкен күнәға қалай түседі? Белгілі бір дәрежеге жеттім деп ойлап, өз-өзін ұната бастайды-да жүрегінде ужб пайда болады. Аллаһу та'ала мүлдем жақтырмайтын екі жаман мінездің бірі – тәкәппарлық, екіншісі – ужб (өз-өзін ұнату). Міне осы өз-өзін ұнату мінезі күнәларды кішісінуге, жеңіл санауға, тіпті ширкке дейін апарады.
Ужбтың ең жаманы қателерін, нәпісінің қалауларын ұнатуы. Ондайлар әрдайым нәпісіне ереді. Насихатты қабылдамайды. Басқаларды сауатсыз, надан деп санайды. Алайда, нағыз надан өзі. Бидғатшылар, мазһабсыздар осындай. Олар бұзылған, азғын ақидаларын және амалдарын, тура және жақсы деп біліп, оларға байланып қалған. Мұндай ужбтың емі өте қиын.
Мұсылманның жасаған ғибадаттарын емес, істеуі керек болып, істемеген ғибадаттарымен істеген күнәларын ойлауы керек. Дұрыс деп санап істеген ғибадаттарымыздың өзі де негізінде тәубеге мұқтаж.
Адам ғибадаттарға беріліп, харамдардан сақтануы мүмкін, жүрегі Аллаһқа деген сүйіспеншілікке толы деп санап, ахиретке өте жақын екенін сезуі мүмкін. Бірақ мұның дұрыс, яғни Рахмани екенінің немесе ондай еместігінің бір белгісі бар. Ол белгі – бұл сүйіспеншілігі артқан сайын өзінің қателіктерін, күнәларын көбірек көре бастайды. Осы көру қабілеті бара-бара артады, жасалған қателіктер өмір бойы мүлдем ұмытылмайды. Міне осы жайт тәубесінің қабыл болғанын және бағытының дұрыс жақта екенін көрсетеді.