Untitled Document

Аңыз... Ұшқан ұя романынан үзінді (1)

Баяғыда байдың ерке өскен баласы ел-елден қыз айттырған екен. Бармаған жері, көрмеген қызы қалмапты. Қасы-көзінен нұр тамған небір сұлуларды көріпті, ақылына адам бойламас әдептілерін де көріпті. Бірақ біреуін де ұнатпапты. Енді ол алыс сапарға аттанып, жеті күншілік жердегі бөтен елге келген екен. Жүздеген ауыл аралап, тағы да ешбір қызды ұнатпапты. Осылай ел аралап жүріп ол бір алты қанат ақ үйге кезігеді. Алдынан толықсыған ару шығып «аттан түсіп, сусын ішіңіз» депті. Жігіт атын желіге байлап үйге кіреді. Төрде отырып қыздан көз ала алмапты. Қыз мұны елемегендей жайбарақат мейманға дастарқан әзірлей бастайды. Шай қайнапты. Қыз лезде дастарқан жайып, жігітті әдеппен асқа шақырады. «Жігіт мен іздеген сұлу осындай-ақ болар. Көркіне тоқтадым. Ал ақылы соған сай ма екен, байқап көрейін» деп ойлапты ішінен. Түрулі есіктен сыртта жатқан томарлар көрініп тұр екен. Жігіт сынар жерім осы шығар депті де оқыстан сұрақ қойыпты. - Құдаша, айып көрмесеңіз айта отырыңызшы, көлік ат анау томардың қаншауын тартар екен? Жігіт қызды сүрінтер сұрақ бердім деп ішінен масаттанып отырады. Сол сәтте қыз сәл жымиып күліп жауап қатыпты: - Жақсы ат болса бір-бірден тартар, жаманы болса екеуден артар. Жігіт мырс етіп күліп жіберіпті. Мұнысы мұқатқаным дегені еді. Өзі іштей «бәсе ақыл мен көрік сай келуші ме еді. Мынау қыз ақылы кемдеу біреу болды» депті. «Әйтпесе жаманы екеуден артар, жақсысы біреуден тартар дер ме еді. Жоқ, бұл менің теңім емес. Жар болып жарытпас». Осылайша жігіт ешкімге көңіл тоқтатпай аттанып кетеді. (Жалғасы ертең...)