Тарих... Қарнақ
Қарнақ — орта ғасырдан белгілі қала орны. Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 км жерде. А.Н.Бернштамның жүргізген зерттеуі Қарнақтың Әмір Темір әулеті тұсында (13 - 15 ғасырлар) салынғанын анықтаған. Қарнақ — қазақ хандықтары дәуірінде (15-18 ғ-лар) маңызды рөл атқарған қалалардың бірі. Онда ежелден мыс, шойын қорыту, қорғасын балқыту, оқ- дәрі жасау кәсібі дамыған. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалған атақты Тайқазан 14 ғасырда Қарнақта құйылған. Қарнақтағы медреселерде көптеген қазақ зиялылары оқыған. Солардың ішінде ақындар Шортанбай Қанаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақүлы, т.б. болған.
Түркістаннан кейінгі үлкен діни орталық – Қарнақ болған. Халықта кітап – ғылым, тілсіз мұғалім демекші, бұл тұрғыдан да Қарнақ Түркістан даласының саяхатшылары үшін тартымды болған. Себебі жергілікті кітапханада әлі күнге дейін жасы 300 жылдан асқан жазбалар сақталған. Бұрыңғы тұрғындар осы жерде данышпан және әулие саналып қана қоймай, өз уақытында шоқтығы биік қолбасшы болған Имам Бахилдің өмір сүргенін мақтан тұтады. Бұл кісі жайында тарихи деректер аз сақталғанымен аңыз адамға тең есімі Қарнақ қаласындағы әр тұрғынға белгілі болған.
Қарнақта темір шеберханалар, зергерлік сөрелермен шектесіп, ошақ-отынның жалыны алтын әшекейлердің бетіне дейін тиген көрінеді. Қарнақтың атағы тек шебер құюшылар, зергерлермен, темір ұсталармен ғана емес, сондай-ақ жақсы жер игерумен, бақша өсірумен белгілі болған.