Жалғасы... Сенімділік - жетістіктің бастауы (3)
Ата-аналар тым қорғаушыл мәмілеге өтіп, «Сен істей алмайсың, төгесің, бұзасың, жарақат аласың» деп оның орнына істеген сайын, балада «қолымнан келмейді» деген сезім пайда болып, сырттан біреудің көмегін күтіп отыратын болады. Бір мәселеде пікір айтқан кезінде сөзін тыңдап, қате пікір болса қателігін жылы сөзбен түсіндіріп, пікірі орынды болса мақтап, «айтқаның дұрыс болды» деп алғыс білдіру де өзіне деген сенімін нығайтады. Жалпы баланың айтқандарын тыңдауға мән беру керек. Бос сөз, маңызсыз нәрсе айтып жатса да тыңдау қажет. Баламен сырласу, ой бөлісу өте маңызды. Айта кететін жайт мектепке дейінгі балаларға кішігірім тақпақтар көп жаттату өте пайдалы. Жаттағандарын күнде айтқызып отыру, айтып болғанында мақтау керек. Қонақтар келгенде немесе қонаққа барғанда тақпақ айтқызу да көпшілік алдында сөйлей алуға, көпшілік алдында сөйлегенде өзін еркін сезіне алуына себепші болады. Есте сақтау қабілетін, сөз қорын дамытады. Сондай-ақ балаға ертегі айту, оқу және оған айтқызып тыңдау да тағы пайдалы. «Сенімен бірге кітап оқығанды жақсы көремін немесе сен әдемі оқисың» деген сияқты сөздермен кітап оқуына ынталандырған жөн. Кітап оқу - білімінің, ой-өрісінің дамуына, сенімділігін нығайтуға көп септігін тигізеді. Баланың қызығушылығын есепке алып қосымша курстарға немесе спорт үйірмелеріне беру денсаулық тұрғысынан да, сенімділікті нығайту тұрғысынан да пайдалы болып табылады. Қорыта айтқанда отбасы, айналасындағы адамдар тарапынан сүйіспеншілік, мейірім көрген, пікірлеріне мән берілген, сенім артылған, жауапкершілік берілген, жақсы істері үшін марапатталған, мақтан тұтылған, қателігіне орын берілген және бар болмысымен қабыл етілген баланың өзіне сенімділігі жоғары болмақ.