Untitled Document

Жалғасы... Сенімділік - жетістіктің бастауы (2)

Жалпы осындай тұйық мінездің алдын алу үшін отбасы ішінде өзара махаббат, мейірім болуы керек. Баланың бойында ынжықтықты байқағанда оны жойып, баланың өзіне деген сенімділігін нығайту үшін қыспаққа алуды доғарып, еркін жіберу керек. Баланың қателіктерін - үйрену, жетілу мүмкіндігі ретінде қараңыз. «Бұл қателігің қалыпты, енді мұны бірге дұрыстайық» деген сияқты сөздермен жеке отырып жылы түсіндіруге тырысу керек. Дереу жан-жақтан «Үнемі бүлдіресің де жүресің!», «Сен адам болмайсың!» деген сияқты сөздер мен сын айтулар баланың сағын сындырып, сенімділігін балталайды. Сын ести бергендіктен қателік жасаудан қорқып, батыл әрекет етуден қалады. Баланың қызығушылығы пайда болған, істемек болған жаңа істеріне қолдау көрсету керек. Баланың жасына сай кішігірім жауапкершілікті міндет, тапсырма беруге болады. Орындағанында бұған қуанғаныңызды білдіріп, алғыс айтып марапаттаңыз. Орындаған сайын балада «қолымнан келеді» деген сенім пайда болады, өзінің пайдалы екендігін сезінеді. Жасына сай істерді өзінің істеуіне дағдыландырыңыз. Мәселен 5 жасына келсе де тамағын аузына салып отыратын ата-аналар үлкен қателік етуде. Тамағын өзі жеуін үйретіңіз. Басында төгуі мүмкін, бірақ соңында үйренеді. Аяқ киімінің бауын өзі байлай алуын үйретіңіз т.б. Балалар онсыз да бұл нәрселерді өзі істеуге бейімді, қызығушылықты болады. (Жалғасы ертең...)