Ғибрат... Тектілік
Көріпкелдері перғауынның салтанатын құлататын сәбидің дүниеге келгендігін айтады. Перғауын болса салтанатын сақтап қалу мақсатында кідірместен сол жылы өмірге келген ұл балалардың барлығын өлтіруге бұйрық береді. Нөкерлері көшелерді аралап, үйлерді бір-бірлеп тінтіп жаңа туған сәбилердің ұл немесе қыз екендігіне көз жеткізіп, ұл балаларды дереу өлтіріп жатты.
Осы күндері бір әйелдің толғағы басталғанында тауға шығып, бір үңгірге кіріп ұл баласын дүниеге әкеледі. Баласын сол жерге тастап кетеді. Бұл баланы Хақ та'аланың әмірімен Жәбірейіл алейһиссалам бағып өсіреді. Бұл әйел тексіз отбасыдан шыққан болатын. Баланың аты Мұса еді. Самира тайпасының өкілі болғандықтан оған Самири деген лақаб ат беріледі. Тектілік болмағандықтан Жәбірейіл алейһиссаламның берген азығына қиянат етті. Мұса алейһиссаламның қауымын адастырып, алтыннан бұзау жасатып, соған табындырған адам осы бала болатын. Ақырында Мұса пайғамбарды мойындамай, Аллаһу та’алаға қарсы шықты.
Дәл сол аласапыран күндердің бірінде текті отбасында бір ұл бала туылған болатын. Оның да аты Мұса еді. Хақ та’ала оны Перғауынның сарайында өсірді. Хазреті Мұсаның анасы көңіліне келген илхаммен ұлын бір сандықтың ішіне салып, Ніл өзеніне ағызып жібереді. Перғауын өзенде ағып келе жатқан сандықты алдырып аштырады. Ішінен шыққан кішкентай баланы өлтіру үшін әмір бергенінде әйелі Әсия анамыз бұған тосқауыл болып, «Мен үшін оны өлтіре көрмеңіз! Бәлкім бізге пайдасы тиер немесе өзімізге бала етіп асырап алармыз» деді. Нәтижеде Перғауынның өсіргені Мұса пайғамбар болып Перғауынның салтанатын құлатты.