Тарихи тұлға... Бұқар жырау
Бұқар жырау Қалқаманұлы (1693-1787) – әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Жұрт оны «көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес. Көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған.
Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жаршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап қалатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен.
Жырау азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Жырларында ел болашағы, бірлік, татулық мәселелерін сөз еткен. Терең мағыналы, діни сипатты өсиеттер, насихаттар айтып елді жақсылыққа шақырған. Ресейдің отарлаушылық, басқыншылық саясатын, зұлымдық әрекеттерін әшкерелеген.
Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі Қытай мен Ресей атты қос алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына әскери дипломатиялық қарым қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасаған.