Үй үшін... Балықты қалай таңдау керек?
Дастарханымызда балықтан жасалған тағамдардың жиі болғаны жөн. Өйткені олар дәмді ғана емес, ағзамызға өте пайдалы. Балықтың құрамында қан тамырларын жақсартып, қан қысымын қалпына келтіруге көмектесетін және холестерин деңгейін түсіретін омега-3 май қышқылдары бар.
Сонымен қатар, балық күз және қыс айларындағы ағзамыздағы Д дәруменінің тапшылығын жояды. Ол сүйек тіндерін қатайтатын кальций және фосфор сияқты басқа да микроэлементтерді ағзамызға сіңіруде маңызды рөл атқарады. Балық тағамдарында йод, магний және А мен В12 дәрумендерінің де бар екенін ұмытпағанымыз жөн.
Жаңа аулаған балықты сатып алған кезде оны мұқият қарау керек. Әсіресе балықтың түсі мен қабыршағына ерекше көңіл бөліңіз. Оның қабыршақтары бір-біріне тығыз жабысып, түсі күміс рең беріп, құбылып тұруы керек. Егер қабыршықтары ашылып, ал түсі тат басқан сияқты сарғыш түске енген болса, онда бұл балық бұзыла бастаған. Күдігіңіз басым болып тұрса, саусағыңызбен балықтың арқасын басып көріңіз. Жаңа ауланған жақсы балық болса, саусақтан түскен із бірнеше секундта жоғалып кетеді.
Балықтың бұзылмағанын білдіретін тағы бір белгі – оның денесіне тығыз жабысып тұратын, алқызыл реңді желбезектері. Басы мен жүзбеқанаты жоқ балықтарды сатып алсаңыз, онда оның жақсы балық болмағаны. Өйткені көптеген сатушылар желбезектері қарая бастаған балықтың басын әдейілеп кесіп тастайды.
Балықтың балғындығын көрсететін тағы бір көрсеткіш – оның көздері. Көзі бұлыңғыр немесе түсіп қалған балықты ешқашан сатып алмаңыз. Ең соңында айтарамыз, балықтан бұзыла бастағанын білдіретін аммиактың иісі шығып тұрмауы керек.