Untitled Document

Жалғасы... Әлмерек батырдың батасы (2)

Сөйтіп, бұл үйде жаңа бір жарқын құбылыс пайда болады. Томсарып жүретіндердің қабағынан кірбің кетеді, өзара жайнаңдап, жадырай сөйлеседі. Осы әрекет үстінде Әлмерек батыр бірталай үлгі сөздер айтып, тәлім үйретеді. Үй иесі де, балалары да бұл кісінің сөзін зейінмен тыңдайды. Оған деген құрмет сезімдері қозады. Біраз тыныққан Әлмеректің аты да оңалып, тыңая бастайды. Енді ол аттануға ыңғайланады. Сонда отағасы мен оның әйелі және бала-шағасы жығыла жабысып, тағы да біраз күн аялдауды өтініш етеді. Әлмерек батыр бұлардың тілегін қабыл алып, тағы бірнеше күн жатады. Сонда ылғи тәлімді, тәрбиелі әңгімелер айтады. Жылы сөзі бұл үйдегілердің құлағына сіңіп, көкейлеріне қонады. Бұрынғы сиықтарынан көп өзгереді. Ақыры жолаушы аттанады. Бәйбіше жолаушының жақсылығына ризалығын білдіріп, иығына шапан жабады. – Асқан ақылды адам екенсіз, балаларыма батаңызды беріңіз, ақылыңызды айтыңыз... Үйдегілердің бәрі Әлмерек абызға ынтыға құлақ түреді. Сонда абыз алдымен кемпір мен шалға мойын бұрады: – Құдайдан жақсылық тілемейтін пенде жоқ. Сол тілекке Жаратқан иісе, адам баласы мұратына жетеді. Ендеше ғибратты сөздерге ден қойыңыздар. Сондай сөздің біреуі мынадай: – Қазымыр болсаң – ұлың кетеді, Қытымыр болсаң – қызың кетеді. Сиымсыз болсаң – келінің кетеді, Тынышсыз болсаң – серігің кетеді. Қатал болсаң – жұртың кетеді, Сұраншақ болсаң – ұятың кетеді. Ақылсыз болсаң – бауырың кетеді, Ақымақ болсаң – ауылың кетеді. Аз нәрседен көңілің кетеді, Мұратқа мінін түзеткен жетеді. Міне, осы тәлімді есте сақтаңыздар,– дейді Әлмерек.

(Жалғасы ертең...)