Аңыз... Әлмерек батырдың батасы (1)
Бірде Әлмерек батыр алыс сапарға шығады. Ұзақ жол жүреді. Бір күні кештете қазақ салты бойынша алдынан кездескен ауылға атының басын бұрады да, еңселі ақ боз үйдің алдына барып тоқтайды. Құдайы қонақты көрген бір жігіт жолаушының атын ұстап, мама ағашқа байлайды да, есік ашып үйге кіргізеді. Үй иесі қонақпен амандасып, төрге шығарады. Мал сойғызып, ықыласпен сыйлайды. Таңертеңгісін орнынан тұрып қараса, қонақтың арқандаулы аты қара терге шомып, есеңгірегеннен тәлтіректеп тұр екен. Сөйтсе, ат дертке шалдыққан. Қонақ сондағы оташыға атын қаратып, бұл үйде жатып қалады. Сонда барып Әлмерек байқап қараса, бұл үйдегі адамдардың мінез-құлықтары бір-біріне ұқсамайды, басқа-басқа сипатта. Бірінің айтқанын екіншісі тыңдамайды. Кішісі тіл алып, үлкеннің айтқанын орындау деген жоқ. Ерегістері көп. Әкесі қытымырлау, шешесі қазымырлау, ұлдары қырсық, қыздары кербез, келіні керенау сықылды. Шеттерінен даукес, тәрбие көрмеген, тәлім алмаған түрлері бар. Оңаша отырғанда Әлмерек үйдің отағасымен ұзақ әңгімелеседі, ақтарыла сыр шертіседі. – Бір ошақтың қасында, бір дастарқанның басында отырған соң,– дейді Әлмерек үйішілік ынтымақ жайын майдалай айтып,– қабақтың да ашық болуы кірбің көңілді жадыратады емес пе? – Біз осылай тақасып әдеттеніп кеттік,– дейді отағасы қынжылып,– әй, енді түзеле қоюы екіталай шығар. – Қойыңыз, олай үміт үзбеңіз. – Сонда не істеймін?.. – Бүгіннен бастап өзіңіз қабақ ашып, күліп отырыңыз. Сонда балаларыңыз сіздің қабағыңызға қарайды да, өздері-ақ солай істейді. Отағасы Әлмеректің тіліне көніп, айтқанын орындайды.
(Жалғасы ертең...)