Жалғасы... Бекер мал шашпақ (2)
Бір қызығы нәпістік қалауларға миллиондап шығындануға даяр тұратындар, қайырымдылық жасау, көмек беру, жақсылық жасау секілді шараларға келгенде ат тонын ала қашады. Бұл жөнінде Құран кәрімде: «Шайтан сендерді кедей боп қаласың деп қорқытады және (садақа, қайырымдылық бермеуді) әмір етеді» делінген екен. (Бақара сүресі 268 аят.)
Мұның бәрі дүниеге байланудан, нәпсіге берілуден, ашкөздіктен болады екен. Ал дініміз адамның бұл дүниеге қонақ екенін, бұл дүниеде жиғаның осында қалатынын, арғы дүниеге тек сауаптарың өтетінін білдіруде.
Қорыта айтқанда біздің ауқаттылар да бос ысырапшылықтардан тыйылып, оның орнына сауапты істерге ден қойса, еліміз шын мәнінде өркендемей ме?! Мейлі, қайырымдылық демейін, “аш адамға балық берме, қармақ бер” демекші, мәселен ақшаны оңды-солды шашудың орнына елге пайдасын тигізетін кәсіп, мекеме, зауыт, тым болмаса кішігірім цех немесе кеңсе ашса, көптеген жұмыссыздарға жұмыс орны, ел экономикасына үлес, халыққа қамқорлық болар еді. Мұндай игіліктерге бастама болған адам халықтың дұғасын, батасын алып, көп сауап жинайтыны сөзсіз. Бала-шағаны да байлыққа мастанбауды, қарапайым болуды, елге жанашыр, пайдалы азамат болуға тәрбиелеп, жоғарыда аталған обал, ысырап, сауап ұғымдарын санасына сіңдіріп өсіруге мән беру керек. Сонда ел болашағына мықты негіз қалаған боламыз.