Мақала... Бекер мал шашпақ (1)
Әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдің бірі Жапонияда ауқатты адамдар қарапайым өмір салтын ұстануға қатты мән береді екен. “Toyota”, “Sony” секілді ең бай 10 кәсіпорынның иелері ауданы 100 шаршы метрден аз үйлерде өмір сүреді екен. Жапондық байлардан: «Мұншалықты бай болуыңызға қарамастан неге тым қарапайым өмір сүресіз?» деп сұралғанда «Жапондық әдет-ғұрпымыз біздің асыра сілтеп ақша жұмсауымызды құптамайды» дейді. Иә, жапондық әдет-ғұрып осындай екен. Ал біздің әдет-ғұрып ше? Біздің әдет-ғұрыпта да дінімізбен ұштасатын обал, рәсуә деген ұғымдар бар, ысырапшылдыққа тиым салынады. Абай атамыз бекер мал-шашпақты дұшпаның деп атап өткен. Қайырымдылық жасау, сауап жинау деген ұғым бар. Бірақ мұны қаншалықты білеміз? Мұны бала-шағасына жастайынан құлағына құйып өсіріп жатқан отбасылар қаншалықты бар? Бір жақта бір күндік напақасын таба алмай зарлап жүргендер бар. Ал бір жақта мың отбасыны тойдыратындай қаржыны бір түнде шашып шалқитындар бар. Одан қалса той жарыс бар. Ең зәулім сарайда, ең танымал әртістерді шақыртып, бірінен бірі озып той өткізу әдетке айналды...
Қазіргі таңда ауқаттылардың көбісі өз рахатымен әуре. Тіпті рахатын ойлап бала тәрбиесіне мән бермейтіндері бар. Ұшарын жел, қонарын сай білетін қалталы жастар ең қымбат көлік мініп, ешкімде жоқ киім киіп, ең қымбат ойын-сауық мекемелері мен түнгі клубтардың табалдырығын тоздыруда. Мұндай тәрбиемен өскен келешек элиталардан не күтуге болады?!
(Жалғасы ертең...)