Асри сани (екіндінің екінші уақыты)
Намаз уақыттарының ішінде «асри сани» термині екінші екінді (намаздыгер) деген мағынаны береді. Асри әууәл - бірінші екінді деген сөз. Бесін намазының уақыты Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің және қалған үш мазһабтың үкімінше асри әууәлге дейін созылады. Яғни, барлық нәрсенің көлеңкесі бесін намазының бастапқы уақытындағы ұзындығынан өзінің бойына дейін, мысалы, 100 см талдың көлеңкесі бесін уақытының басында 10 см болса, бұл көлеңке 110 см болған кезде бесін уақыты бітеді.
Имам Ағзамның «рахметуллаһи алейһ» үкімі бойынша бесіннің уақыты асри саниге дейін. Яғни барлық нәрсенің көлеңкесі бесін намазының бастапқы уақытындағы ұзындығынан өз бойы екі есе ұзарғанға дейін созылады. (Орталық Азияда екінді намазын имам Ағзамның ижтиһады болған уақытта оқу әдет болған. Яғни ата-бабадан қалған әдіс бойынша шамға дәл 2 сағат қалғанда аср кіреді деп қабылданған. Бірақ бұл Қазақстанның тек оңтүстік аймақтары үшін қыс айларында ғана дұрыс болады.) Жоғарыда айтылған талдың көлеңкесі 210 см болған кезде екінді уақыты кіреді. Қалған үш мазһабта бесін мен екіндінің уақыты Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтегі сияқты. Яғни, бұл мазһабтарда асри сани уақыты жоқ. Бұл күнтізбедегі екінді уақыттары асри әууәл бойынша, яғни осы екі имамның үкімі бойынша берілген.
Екіндідегі сияқты құптанда да екі уақыт бар. Ол ишаи әууәл және ишаи сани деп аталады. Иша - құптан дегенді білдіреді. Құптан намазының уақыты екі имамның айтуынша ишаи әууәлден, яғни батыста көрінген көкжиек сызығында қызарған нәрсе кеткеннен кейін басталады. Қазақстанда дәл осы үкім бойынша құптан азандарын батыста қызыл түс жоғалғанда оқу әдет болған. Қалған үш мазһабта да осындай. Имам Ағзамның ижтиһады бойынша ишаи саниден, яғни ағарған нәрсе кеткеннен кейін басталады. Қызылдың кеткен кезі күннің үстіңгі жиегінің көкжиектен 17 градусқа түскен кезі. 19 градусқа түскенде ағару да кетеді.
Қандай да бір себеппен бесін намазын екі имам көрсеткен уақыт - асри әууәлге дейін оқи алмаған адам намазын қаза етпей, Имам Ағзамның айтуы бойынша асри саниге дейін оқып алуы керек. Мұндай жағдайда сол күнгі екінді намазын Имам Ағзам көрсеткен уақыттан бұрын оқымауы керек.
Қысқасы, бесінді асри әууәлде оқыған адам екіндіні асри саниде және намазшамды ишаи әууелде оқыған адам құптанды ишаи саниде оқуы керек. Имам Ағзамның да, екі имамның да үкіміне сәйкес болуы үшін екіндіні асри саниде, ал құптанды ишаи саниде оқыған дұрыс.
Түркістан Күнтізбесі