Жалғасы... Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (2)
Мәшһүр Жүсіп өзі жинаған үлгілерінің көлемін белгілеп отырған. Мәселен, “Ғылым білімі” кітабы 129 сахифадан тұрады дей отырып, оның ішінде 12 аят, 18 хадис, 43 мақал, 114 ауыз өлең бар десе, ал “Әмір” әңгімесі 26 сахифадан, 104 ауыз өлеңнен тұрады дейді.
Бұлардан басқа қолжазбаларда мынадай мәліметтер берілген: “Хазірет Юсуф пайғамбар”, “Шайқы Бұрқы әулие мекіре балықтан туған”, “Сарыарқа тарихы”, “Шоң, Торайғыр билер”, “Абылай аспаған сары бел”, “Қоқан хандары тарихы”, “Кіші жүз ұрандары мен рулары”, “Шанышқылы Бердіқожа батыр тарихы”, “Едіге мен Төле би”, “Көлеби батыр”, “Олжабай батыр тарихы”, “Абылай хан”, “Махамбет деген батыр шығыпты деп барып тапқан 92 батыр” турасында, қазақ шежірелері (Орта жүз тарихы, Мейрам сопы тарихы, Қуандық, Қаракесек, Найман, Қыпшақ тарихтары), “Барпық әңгімелері”, күлдіргі сөздер, “Қаракесек пен төрелер ұраны” туралы, Мөңке би, Досбол би, Қожакент пен Өзкент, т.б. қалалары турасында, “Ошақты Қоңырбай қалпе” әңгімесі, “Хазірет Нұхқа 370 жасында пайғамбарлық берілді”, діни нанымдар т.б., Сарман, Қиғара, Қосдәулет билер хақында, жыл басы туралы, Орманшы ақсары Шотана батыр жайындағы деректер орын алған.
Өз заманында озық туған көрнекті тұлға ақындығымен қатар тарих, әдебиеттану, өлкетану, шежіре жинақтау салалары бойынша мол мұра қалдырды. Бірақ қолжазбаларының көбі түрлі себептермен сақталмаған. Әсіресе, Кеңес заманында көптеген шығармалары қасақана құртылды. Мәшһүр Жүсіптің ел ішінде көріпкел- әулиелігімен танылғаны белгілі. Оған өзінің дүниеден қайтатын ай-күніне дейін дәл біліп, бір жыл бұрын асын бергізіп кетуі дәлел. Ғалымдардың айтуынша, Мәшекеңнің зерттелмеген мұрасының өзі әлі талай ұрпаққа азық болмақ.