Untitled Document

Пайдалы кеңес... Көктайғақта құлап, жарақат алмас үшін

• Көктайғақ кезінде ыңғайлы болатын аяқ киім таңдаған дұрыс. Аяқ киім өкшесі 3–4 сантиметрден аспауы тиіс. Аяз кезде қатып қалатын, табаны теп тегіс аяқ киімді таңдамаған жөн. Ең дұрысы көктайғақта тұмсығы кең, табаны бедерлі (ірі бедерлер ұсақ бедермен үйлестірілген) етік қолайлы.

• Жылдам жүрмеңіз, аяғыңызды тым жоғары көтермеңіз. Қадамдар арасы жиі болғаны абзал.

• Көктайғақ кезде ешқашанда қолыңызды қалтаңызға салмаңыз. Қолыңыз қалтаңызда болып құлаған кезде қатты жарақат алып қалуыңыз мүмкін.

• Жүріп бара жатқан кезде телефонмен сөйлеспеңіз.

• Бүкіл назарыңызды жолға аударыңыз. Басқа адамдар жүрген жолмен немесе тротуар шетімен жүріңіз. Көпшілік жағдайда тротуар шеті қатты тайғанақ болмайды. Қардың асты мұз болып, одан кез келген уақытта аяғыңыздың тайып кетуі мүмкін екендігін есіңізден шығармаңыз.

•  Баспалдақтар (баспалдақ сатысына екі аяқты бірдей қойып көтірілген немесе түскен қауіпсіз),  жолдың шеті, люктардың темір қақпағы, сондай-ақ түрлі бұрылыстар ең қауіпті және тайғанақ жер болатындығын есіңізден шығармаңыз.

• Тайғақ жолмен қатты жүріп келе жатқан көліктің алдын кесіп өтпеңіз. Көліктің өтіп кетуін күтіп, сосын асықпай жолдан өту керек. Сіз жолдан өтіп бара жатқан кезде абайсызда аяғыңыз тайып, құласаңыз жүргізуші абыржып, тежегішті басып үлгермей қалуы мүмкін.

• Аяқ киім жөндейтін шеберге барып, аяқ киім табанына тайғанамайтын резеңке төсеме жапсыртуға болады.

• Өзіңіз табаныңызға лейкопластырьдың бірнеше бөлігін жапсырсаңыз болады. Бұл тәсіл біршама уақытқа аяқ киімді барынша қауіпсіз етеді.

• Спорт заттарын сататын арнайы дүкеннен тайғанап кетуге қарсы арнайы табан жапсырмасын сатып алсаңыз болады.