Ғибрат... Тектілік
Перғауынның көріпкелдері салтанатын құлататын нәрестенің дүниеге келгендігін айтады. Перғауынның өлмеу, салтанатын қорғау үшін сол жылы өмірге келген ұл балаларды өлтіруге бұйрық береді. Баскесерлері көшелерді аралап, үйлерді бір-бірлеп тінтіп жаңа туған сәбилердің ұл немесе қыз екендігіне көз жеткізіп, ұл балаларды дереу өлтіріп кетіп жатты.
1) Осы күндерде бір әйелдің толғағы басталғанында тауға шығып, бір үңгірге кіріп ұл баласын дүниеге әкеледі. Баласын сол жерге тастап кетеді. Бұл баланы Хақ та'аланың әмірімен Жәбрейіл алейһиссалам бағып өсіреді. Бұл әйел тексіз отбасыдан шыққан болатын. Баланың аты Мұса еді. Самира тайпасының өкілі болғандықтан оған Самири деген лақап ат тағылады. Тектілік болмағандықтан Жәбрейіл алейһиссаламның берген азығына қиянат етті. Мұса алейһиссаламның қауымын адастырып, алтыннан бұзау жасатып, соған табындырған адам осы бала болатын. Мұса алейһиссаламды мойындамай, Аллаһу та’алаға қарсы шықты.
2) Дәл сол аласапыран күндері текті отбасында бір ұл бала туылған болатын. Оның да аты Мұса еді. Хақ та’ала оны Перғауынның сарайында өсірді. Хазреті Мұсаның анасы көңіліне келген илхаммен ұлын бір сандықтың ішіне салып, Ніл өзеніне ағызып жібереді. Перғауын өзенде ағып келе жатқан сандықты алдырып аштырады. Ішінен шыққан кішкентай баланы өлтіру үшін әмір бергенінде әйелі Әсия анамыз бұған тосқауыл болып, «Мен үшін оны өлтіре көрмеңіз! Бәлкім бізге пайдасы тиер немесе өзімізге бала етіп асырап алармыз» дейді. Нәтижеде перғауынның өсіргені Мұса пайғамбар болып перғауынның салтанатын құлатты.