Бүгін... Адам құқықтары күні
Адамзаттың өзгеруі және дамуының нәтижесінде 10 желтоқсан 1948 ж Адам Құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданды және жарияланды. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының кейбір баптары мыналар:
- Барлық адамдар тумасынан азат және қадір-қасиеті мен кұқықтары тең болып дүниеге келеді.
- Әр адам, нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, тіліне, дініне, ұлттық, немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік, тектік-топтық, немесе басқа да жағдаяттарға қарамастан осы декларацияда жарияланған барлық құқықтар мен бостандықтарға алаланбай, бірдей тең ие болуы тиіс.
- Заң алдында жұрттың бәрі тең және де заң арқылы алаланбай, бірдей тең қорғалуға құқылы.
- Ешкім негізсіз тұтқындалуға, қамауда ұсталуға немесе қуғынға ұшыратылуға тиіс емес.
- Әр адам, өзінің құқықтары мен міндеттерін анықтап, өзіне тағылған қылмыстық айыптаудың негізділігін белгілеу үшін, ісі толық теңдік негізінде, әділеттік талаптарға сай, тәуелсіз және әділ сот арқылы ашық қаралуына құқығы бар.
- Әр адамның қуғынға ұшыраған жағдайда, басқа елдерден баспана іздеп және сол баспананы пайдалануға кұқығы бар.
- Әр адамның дүние мүлікті жеке өзі, немесе басқалармен бірлесіп иемденуге құқығы бар.
- Әр адам ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар.
- Әр адамның бейбіт жиналыстар және ассоциацияаларды құру бостандығына құқығы бар.
- Әр адам өз елінде мемлекеттік қызметке тең дәрежеде қол жеткізуге құқылы.
- Әр адамның еңбек етуге, жұмыс түрін еркін таңдауға, әділ және қолайлы еңбек жағдайына, жұмыссыздықтан қорғалуына құқығы бар.
- Әр адам өзінің және отбасы мүшелерінің ден-саулығын, әл-ауқатын қамтамасыз ететіндей, тамақты, киімді, баспананы, медициналық күтімді қамтитын өмір сүру деңгейіне құқылы және де жұмыссыз қалған күнде, науқас болған кезде, мүгедек болып қалған, жесір болып қалған күнде, қартайған шақта, немесе өзіне байланысты емес басқа да себептермен тіршілік ету мүмкіншілігінен айрылып қалған жағдайда қамсыздандырылуына құқылы.
- Әр адамның білім алуға кұқығы бар. Білім беру, ең болмағанда бастауыш және жалпы білім, тегін болуы тиіс. Бастауыш білім баршаға міндетті болуы тиіс.