Ғибрат... Екі түрлі амал
Хазреті Омар бин Абдулазиз құптан намазынан шығып үйіне барар жолда әндетіп, теңселіп келе жатқан бір масты көреді. «Менің халифалығымда алдыма мастың шығып тұрғаны несі» деп дереу тәртіп сақшыларына «ұстаңдар оны» деп хабар береді. Сақшылар оны ұстап кісендеп әкетіп бара жатқанда «Аллаһ және Мұхаммедтің құрметіне мені халифаның алдына алып барыңдар, оған айтар бір ауыз сөзім бар» дей береді. Адамдары халифаға келіп «Тақсыр әлгі мас айтатын сөзім бар деп қоймай жатыр, не істейік?» дейді. Халифа: «келсін айтсын» дейді. Мас халифаның алдына келіп жақындайды да кенеттен жүзіне түкіріп жібереді. Бәрі “болды мұның шаруасы бітті, енді құтылмайды” деп ойлайды. Бірақ халифа «кешірдім, босатыңдар» дейді. Сонда айналасындағылар «Тақсыр бұған екі есе жаза берудің орнына неге кешірдіңіз?» дейді. Хазреті Омар бин Абдулазиз былай деп жауап береді: «Ертең ахиретте амалдар Аллаһу та’аланың алдына екі түрде ұсынылады. Аллаһ үшін болғандар және нәпсі үшін болғандар. Менің ол масқа бермек болған жазам Аллаһ үшін еді. Бірақ түкірген кезінде нәпсім де араласып өш алуға тырысты. Егер өзімді ұстамағанымда нәпсім үшін жаза берген болар едім, ал мұның есебін мен ахиретте бере алмаймын. Адамдар не істесе де бәрінің есебін түк қалдырмай өздері береді. Олардың тек қана Аллаһ үшін жасағандары құтылады. Неге енді мен бір мастың кесірінен Раббымның алдында әбігерге түсейін.»