Отбасы... Жанұя бақыты (2)
Аздаған кеңесіміз бар. Бірақ, кеңес-насихаттан не пайда демеу керек. Кеңеспен насихатты тыңдап, мойынсұнған адамға көп пайдасы тиеді. Ең бастысы тыңдап, мойынсұну керек.
Үйде ешнәрседен кемшілік іздемеуге тырысу керек. Сын айту (критика), талас-тартыс, жанжал жанұяның құлдырауына немесе бақытсыз, берекесіз халге түсуіне алып келеді. Хадис шәрифте: «Мінез-құлықтарыңды көркейтіңдер» делінеді. Мінезді өзгерту мүмкін болғандықтан хадис шәрифте осылай айтылған. Дінге мойынсұнып, көркем мінезді болған адам екі өмірде де рахатқа, бақытқа қауышады.
Көркем-мінез, бір-біріне мейірімді болу, жылы сөйлеу, жылы қарым-қатынас ең басты ұстанымға айналуы тиіс. Көбінесе сырттағы адамдармен сыпайы жылы мәміледе болуға тырысып, ал үйде, жанұя мүшелеріне келгенде сыпайылыққа немқұрайлы қарайтынымыз бар. Негізінде үй ішінде сырттан да көбірек мейірімділікке мән беру керек. Хадис шәрифте: «Мұсылмандардың иман тұрғысынан ең үстемі – мінезі ең жақсы болғаны және әйеліне ең жақсы, ең мейірімді мәміледе болғаны» делінген.
Жоғарыда айтқанымыздай ең маңыздысы ерлі-зайыптылардың бір-біріне мейіріммен мәміле етулері қажет. Күйеуі әйеліне «Ол Аллаһу та’аланың маған берген аманаты» деп қарайтын болса, әйелі күйеуіне «Аллаһу та’аланың разылығы - күйеуімнің разылығында» деп қарап, ерлі-зайыптылар мейірімділікпен өмір сүрсе, бақытты өмір кешері сөзсіз.
Күйеуі «анам, әпке-қарындастарым бір-бір үйдің келіндері, болашақта қызым да бір үйге келін болары анық. Олардың қандай жағдайда өмір сүргенін қаласам, мен де әйеліме сондай жақсы мәміледе болайын» деп ойласын. Әйел де дәл солай «Әкем, аға-інім, болашақта ұлым бір үйдің отағасы болмақ, оларға қандай мәміле жасалуын қаласам, өз жұбайыма да солай қарайын» деп ойласын. Бірінші орынға өз рахатымызды емес, жұбайымыздың рахатын қоя білейік. Бір-біріне мейіріммен мәміле еткен отбасында тыныштық, бақыт ұялайды.