Отбасы... Жанұя бақыты (1)
Cұрақ: Үйленген алғашқы айларда ара-қатынасымыз, сыйластығымыз жақсы еді. Бір-бірімізді жақсы түсінетін едік. Ал қазір күннен күнге әйелімнің мінезі нашарлап кетті. Күнде ұрыс-керіс бітер емес. Әйелімнің мінезін қалай жөндеуге болады немесе осы себепті ажырассақ қалай болады?
Жауап: Күйеуінен шағымданған әйелдер, әйелінен шағымданған күйеулер дерттеріне дауа іздеп осыған ұқсаған сұрақтар қойып, кеңес сұрап жатады. Дінімізде адамға өмір бойы керекті ілімдер білдірілген. Қалай тұру керек, қалай жүру керек, мұсылман қандай болуы керек, әркімнің орны қандай, міндеттері қандай, әйелдердің міндеттері, күйеудің міндеттері т.б. Мақалаларымызда бұларды тұрақты түрде жазып келеміз. Алайда айтумен жазумен ешнәрсе өзгермейді. Аз да болса адамдардың өздерінің бұған мойынсұнулары, мән берулері керек...
Ажырасу шешім емес. Мінсіз, кемшіліксіз құл болмайды. Мінсіз дос іздеген кісі доссыз қалады, мінсіз жар іздеген жар таба алмайды. Нағыз ерлік кемшілікті адаммен жақсы мәміледе бола алуда, онымен бірге тыныш, тату өмір сүре алуда.
Жұбайлар бір-бірінің жаман жақтарына сабыр етулері керек. Хадис шәрифте былай делінеді: «Әйелінің жаман мінезіне сабыр еткен еркек, Әййуб пайғамбардың сабыры үшін берілгендей сауапқа, ал күйеуінің жаман мінезіне сабыр еткен әйел Асияға берілгендей сауапқа қауышады.» (И. Ғазали)
Келеңсіздіктерді ашумен шешуге кіріспеу керек, сабырмен, жылы сөздермен түсінісуге тырысу керек. Қажет болса, қатесін түсінген адам кешірім сұрап, мәселені жабу керек.
Көбінесе жанжалдарда кінә екі жақтан да болады. Біреуі үндемей қоя салса, кешірім сұраса жанжал ұлғаймайды. Екі тарап та «менікі дұрыс» деген сайын жанжал тоқтамайды. Екі тарап та менікі дұрыс деп тұрғанда ол үйде жанжал біте ме?!
(жалғасы ертең)