Ғұламалар... Хазреті Әбу Бәкір
Хазреті Әбу Бәкір алғаш иман келтірген ер адам және мұсылмандардың алғашқы халифасы. Жәннатпен сүйіншіленген он адамның біріншісі. Пайғамбарлардан кейін адамзат ішінде ең ұлысы болып табылады. Барлық соғысқа қатысты. Аяттармен мадақталды. Ол Құран кәрімді алғаш рет кітап ретінде топтастырды. Хижраның 13 жылы, қазіргі жыл санауы бойынша 634 жылы жамазил-ахир айының 28-нде сейсенбі күні түнде 63 жасында қайтыс болды. Расулуллаһтың қасына жерленді. Аққұба өңді, көздері шүңіректеу, жылы жүзді, бетінде сақалы сирек болатын.
Хадис шәрифтерде былай делінді: «Әбу Бәкірдің иманы бүкіл адамзаттың иманының жиынтығынан да күшті».
«Әбу Бәкір Сыддық - адамзаттың ең жоғарысы және ең жақсысы. Бірақ, ол пайғамбар емес».
«Әр пайғамбардың жақын досы болады. Менің адал досым Әбу Бәкір».
«Үмбетімнен лә илаһә иллаллаһ сөзін айтуды талап еткенім сияқты Әбу Бәкір мен Омарды жақсы көрулерін де талап етемін».
Дұғалар...Үйге шайтан кірмеуі үшін
Үйге кірерде Аят-әл-күрси оқылса, шайтан ол үйге кіре алмайды. Одан бөлек үйде Құран кәрім оқылғанда шайтандар үйден алыстайды. Ибн Мәсуд хазреттері айтқан: «Бақара сүресінің басындағы 5 аят оқылған түні үйге шайтан кіре алмайды.» (Дарими)
Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Үйге кірерде бисмиллаһ айтылса, шайтан "Бұл үйге кіруім мүмкін емес" деп қайтып кетеді.» (Тибйан)
«Үйден шығарда "Бисмиллаһи, тәуәккәлту алләллаһи, лә хаула уәлә қууата илла биллаһ" деп оқыған адам қауіп-қатерден қорғанады және шайтан одан алыстайды.» (Тирмизи)
«"Әузу бикәлиматиллаһит таммати мин шәрри мә халәқа" дұғасын оқыған адамға сол жерден кеткенге дейін оған ештеңе зиянын тигізе алмайды.» (Мүслим)