Untitled Document

Үй үшін... Электр қуатын үнемдеу жолдары

Кір жуу және кептіру. Бәлкім, кіржуғыш машина барабанды айналдыру үшін электр қуатын көп тұтынады деп ойлайтын шығарсыз. Ал шындығында кіржуғыш машина жұмсайтын электр қуатының шамамен 90 пайызы суды ысытуға кетеді. Егер кірді салқын сумен жуатын режимін таңдасаңыз, біраз ақша үнемдей аласыз. Жылы су киімдегі дақты кетіруде тиімді. Бірақ сапалы ұнтақ таңдасаңыз, кір киімді тазартуға суық су да тиімді. Сонымен қатар киім кептіргіш машинаны да қолданудың қажеті жоқ. Күн жылы болса, жуылған киімді далаға жайыңыз.  

Компьютерді өшіріп жүріңіз. Компьютерді қолданбаған уақытта қосылған күйінде қалдырмаңыз. Компьютер мен мониторын өшіріп жүрсеңіз, біраз ақшаңызды үнемдей аласыз. Өз кезегінде ол атмосфераға шығарылатын иіс газының көлемін бірнеше килограммға азайтуыңызға мүмкіндік береді.

Плитаны қолдану ережесі. Қыста плитадан бөлінген жылу пайдалы болар, бірақ жазда үйіңіздегі кондиционердің жұмысына күш түсіретіндігін ескеріңіз. Плитаға тағам дайындайтын кезде дұрыс ыдыс қолданыңыз – табаның көлемі темірпеш қақпағымен бірдей болуы тиіс. Нәтижесінде электр қуаты аз жұмсалады. Электрлі плита сатып алар кезде, нұсқаулығымен танысыңыз. Онда плитаның энергия тұтыну деңгейі көрсетілуі тиіс. Бұл электр қуатын қаншалықты көп жұмсайтыныңызды бағамдауға мүмкіндік береді.

Мультиварканы қолданыңыз. Егер тағамды мультиваркада дайындасаңыз, электр қуатын үнемдеуіңіз әлдеқайда тиімді болмақ. Кәдімгі плитамен салыстырғанда мультиварка электр қуатын аз тұтынады.

Терезелерді жылылаңыз. Барынша жылыланған үй – жылы әрі жайлы үй. Жылылау – өзіңізді және үйіңізді суықтан қорғаудың ең жақсы әдісі.  

Жарық диодты шамдарды пайдаланыңыз. Жарық диодты бір ғана шамның өзі бірнеше мың теңгеңізді үнемдей алады. Оған қоса мұндай шам кәдімгі қызу шамына қарағанда әлдеқайда ұзақ қызмет етеді. Ал кепілдік талонын сақтап қойсаңыз, сатып алған жарық диодты шамыңыз уақытынан бұрын істен шыққан жағдайда көп көмегі тиеді. Нәтижесінде үйіңіздің жарығын қауіпсіз әрі үнемді ете аласыз.