Untitled Document

Сұхбат... Періштелерге қалай иман келтіру керек?

Періштелер Аллаһу та’аланың құлдары болып саналады. Олар Аллаһтың серігі емес. Өзге діндегілер періштелерді Аллаһу та’аланың қыздары деп санайды. Бұлай сену дұрыс емес.

Аллаһу та’ала періштелердің барлығынан разы. Періштелер Аллаһу та’аланың әміріне мойынсұнады, күнә істемейді, еркек-әйел болып бөлінбейді, үйленбейді, ұрпақ таратпайды. Олар жанды, өмір сүреді. Періштелердің саны өте көп. Санының қанша екенін Аллаһу та’аладан басқа ешкім білмейді.

Көкте періштелер ғибадат жасамайтын бос жер жоқ. Аспанда да, жерде де, өсімдіктерде, жұлдыздарда, жандылар мен жансыздарда, жаңбыр тамшыларында, ағаш жапырақтарында, әрбір молекула, әрбір атомда, әрбір реакцияда, әрбір әрекетте, қысқасы барлық нәрседе періштелердің атқаратын міндеті бар. Олар әр жерде Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындайды. Аллаһу та’аламен Оның жаратқан нәрселерінің арасындағы құрал сипатында болып, кейбірлері басқа періштелерге әмірлік етеді, кейбірі пайғамбарларға хабар жеткізумен айналысса, тағы кейбірі адамның жүрегіне жақсы ойлар салады, ол “илхам” (шабыт) деп аталады. Кейбіреулері адам мен жаратылыстан хабарсыз тек Аллаһу та’алаға құлшылық етумен шұғылданады. Періштелердің қанаттары болады. Алайда қанаттарының қандай екенін біз білмейміз. Қанаттары да өздерінің денесінен болады. Христиан шіркеулерінде, кейбір басылымдар мен фильмдерде періште деп көрсетілетін әйел суреттері ойдан шығарылған нәрсе. Олар періште емес.

Әрбір адамның жасаған жақсылықтары мен жамандықтарын жазып отыратын, екеуі күндіз, екеуі түнде келетін төрт періште “кирамән катибин” немесе “хафаза періштелері” деп аталады. Кейбір кітаптарда хафаза періштелері бұлардан бөлек деп те айтылады. Оң жақтағы періште жақсы істер мен ғибадаттарды жазады және сол жақтағыға әмір саналады. Сол жақтағы періште жасалған жаман әрекеттерді жазады. Қабірде күнәһар мұсылмандарды азаптайтын және қабір сұрағын сұрайтын періштелер бар. Сұрақ сұрайтын періштелер “Мункәр” және “Нәкир”, мұсылмандардан сұрайтындар “Муббашир” және “Башир” деп аталады.