Тарихи тұлға... Торайғыр би
Торайғыр Едігеұлы (1772 – 1825) – белгілі би, батыр, шешен. Шыққан тегі арғын ішіндегі айдабол. Павлодар облысы, Баянауыл өңірінде туып өскен. Әкесі Едіге Төлебайұлы Тәуке хан тұсында би болған. Торайғыр орысқа бағынудан бас тартты. Орта жүзде Ғұбайдолла Уәлиұлының хандық билігін орнықтыруға әрекет жасады. Торайғырдың адамның қоғамдағы орны туралы түсінігі мен нақылдарына, жақсы мен жаманды безбендеген көркем әрі бейнелі сөздеріне дала даналығы, халық философиясы тән. Баянауыл өңірінде “Торайғыр көлі”, “Торайғыр ауылы” атты жер-су аттары бар. Ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғырұлы осы Торайғыр бидің тегінен келеді. Торайғыр биден қалған өлең жолдары:
Барлы-барлы, Барлы тау;
Басы есеннің дені сау,
Ұйықтамаса қабақ жау,
Ішпей жүрсе тамақ жау.
Арық атқа қамшы жау.
Жыртық үйге тамшы жау;
Ұрысқақ болса ұлың жау,
Керіскек болса келін жау.
Қашаған болса атың жау,
Қарыспа болса қатын жау.
Тебеген болса биең жау,
Сүйкеншек болса түйең жау.
Түйең менен биеңді,
Алып кетсе жиен жау.
Ұл он беске келгенде,
Қолға ұстаған қобызың,
Ұл он бестен асқан соң,
Тіл алмаса доңызың.
Көк түйнектен өліп қалмаса,
Жасында күйеу алмаса,
Көрінгенмен ойнаса,
Бәрінен де қызың жау.