Сұхбат... Мүмин лағынет айтпайды
Қандай да бір адамға лағынет, (яғни қарғыс, бетдұға) айту ол адамның Аллаһу та’аланың мейірімінен ұзақ болуын қалау деген сөз. Сондықтан ешкімге лағынет айтпау керек. Өйткені қарғыс айтылған адам бұған лайық болмаса, яғни әділетсіз түрде айтылған болса, бұл қарғыс айтқан адамның өзіне кері қайтады. Жануарларға да лағынет айтуға болмайды. Өйткені періштелер жануарларға лағынет айтқан адамның өзіне лағынет етеді. Пайғамбарымыз хазреті Әлиге: «Йа Әли! Ешбір мұсылманға лағынет оқыма. Ешбір жануарға лағынет етпе. Лағынет айтсаң, ол саған кері қайтады» деген. Расулуллаһ айлейһиссалам белгілі бір мұсылманның атын атап еш уақытта лағынет айтпаған және ешкімді ұрмаған. Әбу Хурайра радиаллаһу анһ былай деген: «Бір соғыста кәпірлердің жойылып кетуі үшін дұға етуін сұрадық. Пайғамбарымыз: “Мен лағынет айту үшін, адамдардың азапқа ұшырауы үшін жіберілген жоқпын. Мен адамдарға жақсылық ету үшін, адамдардың бақытқа қауышуы үшін жіберілдім” деді.» Пайғамбарымызға және сахабаларға он үш жыл зұлымдық етіп, жапа шектірген мүшриктерге және бұлардың көсемдері болған залымдарға да қарғыс, лағынет айту әмір етілмеді. Бұл азғындардан Әбу Жәһлден басқаларының аты да ұмыт болды. "Ибда" кітабында былай делінеді: «Лағынет айту және бір ұлтқа, бір мазһабқа балағат айту өте жаман бидғат. Мұны бұрындары яһудилер айтатын. Мұсылмандар арасында да таралды. Тирмизидегі Хадис шәрифте: “Мүмин лағынет айтпайды” делінген.»
Қорыта айтқанда ешкімге, ешбір махлұққа лағынет, қарғыс айтпау керек. Пасық (күнәһар) болған мүминге лағынет айту жаиз емес болғанындай, тірі жүрген кәпірге де лағынет айту жаиз емес. Өйткені өмірден иман келтіріп өту ықтималдығы бар.