Untitled Document

Ғибрат... Абдулқадір Гейлани

Хазреті Сәйид Абдулқадір Гейлани Ислам ғалымдары мен әулиелерінің ең ұлыларынан болған. Анасы мен әкесі жағынан пайғамбарымыздың ұрпағы болып келеді. Фиқһ және хадис ғылымдарында мүжтәһид еді.

Кішкентай кезінде анасының рұқсатын алып білім алу үшін бір керуенмен Бағдат қаласына кетеді. Жолда керуенді қарақшылар тонайды. Араларынан біреуі келіп әлі кішкентай хазреті Гейланиден сұрайды:

– Сенде не бар, бағалы нәрсе бар ма?

– Иә, 40 алтыным бар. Қолтығымның астына тігілген... - деп жауаптайды. Ұры оған ешнәрсе істемей кетіп қалады. Тағы бір қарақшы келіп дәл солай сұрайды да, дәл сондай жауап алады. Бұлар басшыларына барып жағдайды баяндайды. Қарақшылардың басшысы Гейланиды алдына шақыртып сұрағанында, оған да солай жауап береді. Көйлегін жыртып алтындарды шығарады да, қарақшылардың басшысы:

– Неге алтындарың барын бізге айттың? - деп сұрайды. Хазреті Абдулқадір:

– Өйткені мен анама ешқашан өтірік айтпаймын деп сөз бердім. Сол сөзімді бұзбаймын... - деген жауапты естіген қарақшылардың басшысы жылай бастайды да: «Қаншама жылдар бойы Раббыма берген сөзімді бұзып жүрмін!» - деп, тәубе етеді.

Алпыс шақты жолдастары да басшыларына: «Тонауда, жол кесуде басшымыз болдың, енді тәубемізде де басшымыз бол!» - деп олар да тәубе етеді. Тартып алған мал-мүліктерін толығымен иелеріне қайтарып береді.