Бала тәрбиесі... Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің (2)
Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді, яғни жақсы жағына қарай жүреді. Үйде үнемі ұрыс-керіс жағдайында болсаңыз, балаларыңыздың бір-біріне сүйіспеншілікпен мәміле етуін күтуіңіз бос қиял болмақ. Ата-анасынан жәбір көрген бала алдымен бауырларын, кейін сырттағы әлі жететіндерді жәбірлей бастайды. Сондай-ақ үйде бір-біріңе рахмет айтпайтын, ілтипат көрсетпейтін болсаңыз, сыртта «Балам көкеге рахмет айтпайсың ба» деген өнегеңіз ауада қалады. Әйелін жәбірлейтін адамның баласы достарына, бауырларына, ілгеріде жұбайына жәбір көрсетуі мүмкін. Бір-біріне өтірік айтатын жұбайлар ілгеріде балаларының да өтірік айтатынына куә болады, тіпті мұғалімінен де бұл жөнінде шағым естиді. Егер ата-анаңыз аман болып, ал сіз жұмыстарыңызды сылтау етіп оларға қарау былай тұрсын, іздеп, телефон шалып хал-жағдайын сұрамайтын болсаңыз, балаларыңыз да сізден көргенін істейді. Олар да үлкейгенде сізді іздемейтін, хал-жағдайыңызды сұрамайтын болады. Басқалармен қарым-қатынаста қандай болсаңыз, мәселен жүзіне күліп, арқасынан жамандайтын адамдар қатарынан болсаңыз, балаңыз да мұны дұрыс деп санап, осылай мәміле ете бастайды. Кейбір ата-аналар өз зауқымен әлек боп, өз рахатын ойлап, баласын назардан тыс қалдыратыны ащы да болса шындық. Мұның өзі де баланың ішкі дүниесін ойран ететін, ілгеріде қандай келеңсіздіктерге себеп болатыны белгісіз дүние. Қорыта айтқанда өзіміз үлгілі болайық, өзімізді мәжбүрлеп болса да жақсы мінезді болуға, жақсы істер істеуге әдеттендірейік. Үйде өзара құрмет, махаббат ішінде, адалдықты, көркем мінез-құлықты сіңіріп өскен бала ілгеріде елге пайдалы азамат болатыны, қоғамнан ойып орын алары сөзсіз.