Бала тәрбиесі... Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің (1)
Балаға жақсы тәрбие бере алу үшін ата-ана және басқа отбасы мүшелерінің бүкіл тәрбиелік қағидаларды орындауымен қатар, отбасы өмірінің жүйелі, ата-ана ара-қатынасы жақсы болуы шарт. Үйде ұрыс-керіс болуы балаға кері әсер етеді. Әсіресе ажырасудай баланың көңіліне қаяу салатын нәрсе жоқтың қасы. Балалар ата-анасын идеал, мінсіз адам ретінде көретінін ұмытпау керек. Солар сияқты болуға, солар сияқты әрекет етуге тырысады. Үлкендердің дағдыларын, әрекеттерін тез қағып алады. Сондықтан бала дүниеге келгеннен бастап ата-ана барлық жағынан жақсы болуға, үлгілі болуға мәжбүр. Сондай-ақ ата-аналар ешбір баласын бөліп жармай, барлығына бірдей қарауы, бірдей мәміле етуі қажет. Әрбір ата-ана баласының жақсы жетілуін, жақсы мінезді, тәрбиелі, еңбекқор, табысты болуын қалайды. Мұның шешімі жоғарыда айтқанымыздай, балаңыз қандай болуын қаласаңыз, өзіңіз сондай болыңыз. Өйткені бала айтқанымызды емес, бізден көргенін істейді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің.» «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүрер» деген мақал-мәтелдер де осыны көрсетеді. Ата-ана баласынан жағымсыз әрекет көргендерінде оған ашуланудан бұрын «Қайсымыз осылай істедік» деп өздерінен сұрауы керек. Біраз ойланса міндетті түрде табады. Өзіміз кітап оқымайтын бола тұра «Компьютер басында отыра бермей кітап оқысаңшы» деп айту қаншалықты мәнсіз болса, балада болымсыз әрекет көргенде «сен кінәлісің» деп бір-бірін айыптау да соншалықты мәнсіз. Өткен өтті, болар іс болды, енді бұдан былай не істеуміз керек дейтіндер үшін оның да жолы бар. Мінез-құлық, іс-әрекеттер өзгеруі мүмкін. Сіз өзіңізді дұрыс жағынан өзгертсеңіз, бала да дұрыс жағына өзгереді.
(жалғасы ертең)