Untitled Document

Денсаулық... Көзге арналған 8 қарапайым жаттығу (2)

5-жаттығу. Сол қолыңызды бос қалпында тізеңізде ұстаңыз. Жұдырыққа түйілген және бас бармағы жоғары көтерілген оң қолыңызды алға қарай созыңыз. Сағат тілімен және сағат тіліне қарсы бағытта қолыңызды бес рет сермеңіз. Көзіңізбен бас бармағыңызға қарап отыру қажет. Қолыңызды жоғары қарай көтергенде, дем алып, төмен түсірген кезде, деміңізді шығарыңыз. Жаттығуды сол қолыңызбен қайталаңыз.

6-жаттығу. Қолдарыңызды тізелеріңізге қойыңыз (жұдырықтарыңызды түйіп, бас бармақтарыңызды жоғары көтеріңіз). Дем ала отырып, оң қолыңызды ақырындап көтеру қажет. Көзіңізді бас бармағыңыздан айырмайсыз. Қолыңызды бүкпейсіз, басыңызды қозғалтпайсыз. Саусағыңыз көрініс аясының ең жоғарғы нүктесіне келіп жеткенде, біртіндеп деміңізді шығарып, көзіңізді бас бармағыңыздан айырмастан, қолыңызды түсіре бастайсыз. Бұл жаттығуды әр қолыңыз үшін 5 реттен жасаған абзал.

7-жаттығу. Оң қолыңызды алға қарай созып, жұдырығыңызды түйіп, бас бармағыңызды жоғары көтеріңіз. Саусағыңыздың ұшынан назарыңызды алмайсыз. Дем ала отырып, қолыңызды ақырындап мұрныңызға жақындата түсіңіз. Саусағыңызды мұрныңыздың ұшына тигізіп, дем алмай, бірнеше секунд отыру қажет. Енді деміңізді шығарып, қолыңызды бастапқы позицияға қайтарасыз. Жаттығу барысында назарыңызды саусағыңыздың ұшынан алмайсыз. Жаттығуды 5 рет қайталау қажет.

8-жаттығу. Алыстағы бір нүктені таңдап алыңыз не болмаса терезенің алдына отырып, көкжиекке көз тігіңіз. Енді назарыңызды мұрныңыздың ұшына аударып, 5-10 секунд бойы осы күйде отыру қажет. Жақын нүктеге қарап, дем аласыз, алыс нүктеге қарап, деміңізді шығарасыз. Жаттығуды 10-20 рет қайталап шығыңыз.

Егер көзіңізбен байланысты проблемаларыңыз (глаукома, катаракта, көздің ішкі тор қабығымен байланысты аурулар) болса, көзге арналған кез келген жаттығуды орындамас бұрын, дәрігермен кеңесу қажет.