Сұхбат... Соңғы дем қорқынышы
Бұл сондай көпір, сондай емтихан, ешкім бұдан сенімді бола алмайды. Әулиелеріміздің ең қатты қорыққаны осы соңғы сәт. Мысалы үлкен ғалым болған Ахмед ибн Ханбал хазреттері жан тапсыратын сәтінде бірден бар күшімен үш рет «Болмайды, болмайды, болмайды» деп айқайлап, қайтадан төсекке құлайды. Баласы қасына жақындап «Әке, не болып қалды? Бұл айқайларыңыздың себебі не?» деп сұрағанында: «Малғұн шайтан "Мұсылмандықты таста, өзге дінге өт, жәннатқа кіресің" деді. Мен болмайды деп айқайладым. Малғұн шайтан жоғалып кетті» деді де, калима-и шаһадат айтып, қайтыс болды.
Амр бин Ас хазреттері Асхаби кирамның ұлыларынан және төрт кемеңгердің бірі еді. Қайтыс боларында еңіреп жылады. Баласы «Әкешім, өлімнен қорқып жатырсыз ба?» деп сұрады. «Жоқ, мен басқа бір себеппен жылап отырмын. Басында Расулуллаһқа дұшпан едім, егер сол кезде өлсем, мәңгі тозақтық болар едім. Мұсылман болдым, жанымды оған пида етуге дайын болдым. Ол тірі кезінде өлсем, еш уайымым болмас еді. Одан кейінгі жағдайымды білмегенім үшін жылап жатырмын» деді. Кейін калима-и шаһадат айтып қайтыс болды.
Жүнәйд Бағдади хазреттері де өліміне жақын қалғанда жылай бастайды. Шәкірттері неліктен жылап жатқанын сұрағанда: «Соңымнан қорқып жатырмын. Адамның амалы жіңішке бір жіпке асылғандай. Әрдайым әрі-бері шайқалып тұрады. Амалым жоқ демеймін, бірақ берік емес, қайда тоқтайтыны белгісіз. Аллаһ сақтасын, сол жақта тоқтаса, менің жағдайым не болмақ? Соны ойлап жылап жатырмын» дейді. Соңында калима-и шаһадат айтып қайтыс болады. Әрбір мүмин де осы ғалымдар сияқты соңғы демінен қорқып, Аллаһтың мейірімінен де үмітін үзбеуі керек...