Untitled Document

Кәсіпкерлік... Жетістіктің кедергілері

Табысты болу және еңбек ету жолындағы алғашқы және ең маңызды кедергі - жалқаулық. Мұның қайнар көзі басқалар емес, тікелей өзіміз, өз нәпсіміз болып табылады. Жалқаулық адамның қарсы алдына шығып, жігітше айқасатын дұшпан емес. Ертегілердегі перілер секілді әр түрге еніп, әр түрлі айла қолданып, аяқтан шалатын алаяқ іспетті. Жалқаулық денсаулық тұрғысынан туындап жатса, дәрігерге қаралу керек. Рухани босаңдық, немқұрайлық, жеңілтектік түрінде болса мұны жеңуге тырысу керек. Еңбекқор адамдармен бірге болу, жалқау адамдардан ұзақ тұру керек.

Табыстылық пен еңбекқор болудың екінші дұшпаны - жаман достар. Бұл кедергі де алдамшы, бетперделі келеді. Жаман достар сенің қамыңды ойлап, қамқор болып жатқансымақ көрінеді. Онсыз да жалқаулық жаман достардың айдауымен басталады, уақыт өтуімен әдетке айналады. Достың жаманы жұмыс істеп жатқан адамдардан мазасы қашады, табыстарымен еңбектерін кемсітіп, келеке ету арқылы райынан қайтарады.

Табыстылық пен еңбек етуді тежейтін басқа да факторлар бар. Қысқаша тізбектейтін болсақ: Ойын-сауықтың көптігі, дұрыс емес тәлім жүйесі, ұстазының жаман болуы, жұмыс істеп жатқандардың марапатталмауы, заңсыз табыс көздерінің жабылмауы т.б..

Табыстылық пен еңбекқор болудың алдына шығатын кедергілердің барлығын жігерлі, табанды болу арқылы асып өтуге болады. Биіктерді бағындырған адамдардың көбі жігерлілік, табандылық танытқан адамдар.