Әдеп-ахлақ... Жомарттық (1)
Адам ашық қолды, береген болуға дағдылануы керек. Өйткені бір күні ең қымбат нәрсесі болған жанын, рухын береді. Егер адам жомарттықты әдетке айналдырса, жан тапсыруы оңай болады. Дініміз алуды емес, беруді әмір етуде. Адамдардан келетін зияндарға сабыр ету, олардың көрсететін қысымдарына төзу, оларға көмектесу, ауырларын жеңілдету және осы сияқтылардың барлығы өз рахатын өзгелер үшін құрбан ету, яғни берегендік болып табылады. Хадис шәрифте былай делінді: «Мына үш нәрсе үшін ант етемін: Садақа берумен ешқандай дүние-мүлік азаймайды. Олай болса садақа беріңдер! Зұлымдық еткен адамды Аллаһ разылығы үшін кешірген адам дүниеде де, ахыретте де үстем болады. Олай болса кешіріңдер! Тіленушілік есігін ашқан адамға Аллаһу та’ала кедейлік есігін ашады.»
Үлкен мәртебелерге, биік дәрежелерге қауышқан кісілер ол дәрежелерге беру арқылы қол жеткізген. Дініміздің негізі - өзгеге жүк болу емес, өзгенің жүгін көтеру. Өзгелердің ауыртпашылығын, жүгін көтерген адам – жетіле бастаған, адамгершілік қасиеттерге қол жеткізе бастаған адам деген сөз. Пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсәлләм”: «Берген қол алған қолдан үстем» деген.
Жомарт адамның табысы, мал-мүлкі берекелі болады. Жомарттығына қарай мүлкі де арта түседі. Қонақтың ризығымен келетіндігі, үйге қырық күндік береке қалдыратындығы, садақа берумен мал-мүліктің азаймайтындығы хадис шәрифтермен білдірілген. Олай болса жомарт болуға тырысып, сараңдықтан сақтану керек. Хадис шәрифте: «Сараңдықтан мейлінше сақ болыңдар! Сендерден бұрынғылардың түбіне сараңдық жеткен» делінді.