Тарих... Құрт – асыл тас
Қазақ халқының рухани болмысы ежелден гуманизммен ерекшеленеді. Депортацияға ұшырап, аш-жалаңаш айдалып келген халықтарға ол мейіріммен қарап, қолындағы барымен бөлісе білді. Бүгінгі күні оны депортацияға ұшыраған барлық этнос өкілдері алғыспен еске алады.
1990 жылы Қазақстанға Германиядан арнайы келген бұрынғы Ақмоладағы «Отанды сатқандардың әйелдеріне арналған лагердің» (АЛЖИР) тұрғыны болған Гертруда Платайстың естелігі бүкіл әлемді таң қалдырғанын білеміз. Қамаудағы жандарды аш-арық күйінде Жалаңашкөлге қамыс дайындатуға апарғанда көрші ауылдың балалары таспен атыпты. Айдауылдар «сендерді Мәскеу ғана емес, балаларға дейін жек көреді» деп масайрағанда өзі де жарым көңіл жандар екі көздеріне ерік беруді ғана біледі. Сөйтсе... тас дегендері құрт екен. Басқалай көмек көрсетуге мүмкіндігі болмаған қазақтар осылай тас атқан секілді қылып, аш жандармен қолындағы бары − құрттарымен бөліскен екен. «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузынан кетпейді» дегендей Г.Платайс осы оқиғаны өмір бойы ұмытпай, артынан АЛЖИР музейінің қызметкерлеріне айтып береді. Кейде тіпті, қамыс арасына піскен ет, таба нан, т.б. сияқты қолында бар тамағын тұтқындар үшін тығып кетіп отыратынын да айтады. Өзі де аш-құрсақ жүрген жандардың айдаладағы біреулерге, оның үстіне өкімет қылмыскерлер деп қамауда ұстап отырғандарға осыншалық көмек көрсетуі − тек қазақтарға ғана тән қайырымдылық деп батыл айтуға болады.
Гертруданың әңгімесін «Құрт – асыл тас» деген өлеңіне айналдырған ақын Раиса Голубева былай дейді: «Они нас от болезни берегли, Они нас от безверия спасли. Они поняли, что мы не враги, А просто несчастные женщины. И чем смогли — помогли, Поразив нас своей человечностью».
Егемен Қазақстан газеті