Әдеп-ахлақ... Тәкаппарлық үлкен күнә
Тәкаппарлық – өзін басқалардан жоғары деп санау деген сөз. Хадис шәрифте: «Тәкаппарлық – өзінікі қате болса да мойындамау, басқаларды өзінен төмен деп санау» делінген. Тәкаппарлық – өте жаман мінез. Аллаһу та’аланы ұмытудың белгісі. Тәкаппарлық барлық жақсылықтарға тосқауыл болады, барлық жамандықтарға жол ашады. Тәкәппарлық – шіркке баратын жолдың бастамасы. Аллаһу та'ала: «Кез келген күнәні кешіремін, бірақ шіркті кешірмеймін!» дейді. Тәкәппарлық шіркке жетелейтіндіктен, «Тәкәппарланған адамды еш мейірім танытпастан отқа тастаймын!» дейді.
Мүмин – қарапайым, жақсы мінезді, кішіпейілді, басы иілген адам деген сөз. Ғибадат жасаса да, күнә істесе де, мүминнің белгісі – кішіпейілді болуы, басын июі. Тіпті Жафар бин Синан хазреттері «Күнә істеген адамның басын июі, ғибадат етушінің көкірегін керуінен жақсырақ» деген. Біз суға батып бара жатқан адамдай жалынып-жалбарынамыз, сонда бізге қамқорлық есігі ашылады. Әйтпесе «Менің жағдайым рахат, маған ештеңе керек емес» деп кербезденетін адамға кім жәрдем береді?
Мысалы шайтан, яғни Ібіліс, сәжде ету әміріне бағынбай, қылмыс жасады. «Йа, Раббым, ол балшықтан, ал мен оттан жаратылдым. Мен одан қадірлімін» деді. Өзі періштелерге ұстаз болған, көп ғибадат жасаған еді. Осы себептен және оттан жаратылуы себепті тәкәппарланып, Аллаһтың әмірін ұнатпады. Қазіргі таңда сәжде етпейтін мұсылмандар көп, бірақ сонда да олардың имандары бар, олар кәпір емес. Өйткені әрекеттерінің қате екенін біледі. Ал Ібіліс сәжде етпегені үшін емес, сәжде әмірін ұнатпағаны үшін мүртәд болды. Хақ та'ала әмір еткен бір амалды орындамау және тыйым салынған бір амалды істеу – күнә, бірақ кешірілуі мүмкін. Бірақ әмірлер мен тыйымдарды ұнатпау – күпірлік.