Сұхбат... Жалғанның соңынан жүгіру
Өлім аузында жатқан мүмин нені қалайтын болса, сол нәрсені дәл қазір қалауымыз керек. Қатты ауруы, мазасыздығы бар адам нені қалайды? Оған мал-мүлік ұсынсаңыз бұрылып та қарамайды. Тіпті ренжиді. Жоғары мансап десеңіз тағы ренжиді. Қалайтыны – тек дұға, иманмен өлу ғана. Қолда барымыз – бүгін, ертеңіміз белгісіз. Сондықтан тәубе мен истиғфарды кешіктірмеу керек. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Хәләкәл мусәууифун», яғни «Кейін істеймін дегендер құрыды, тәубені кешіктіргендер алданды.» деген. Сондықтан, тәубәні кешіктіру дұрыс болмайды. Тәубә етпеу немесе тәубәні кешіктіру – сол күнәға батудан, сол күнәні жалғастырудан да үлкен күнә болады.
Пайғамбарымыз алейһиссалам тағы бір хадисінде былай дейді: «Қиямет күні әркім, мына төрт сұраққа жауап бермегенше есептен құтыла алмайды: Өмірін қалай өткізді? Ілімімен қандай амалдар жасады? Мал-мүлкін қайдан, қалай тапты және қайда жұмсады? Денесін қай жерлерде шаршатып тоздырды?»
Әр мүмин ахиретте сұралатын осы сұрақтарға дайындалуы керек. Бір әулие кісі уағызының соңында: «Қазір сендерге бір өтірік айтамын. Сөзімнің өтірік екендігі кейіннен мәлім болса, мен күнә істеген болар едім. Сондықтан, мен оның өтірік екенін алдын ала айтып жатырмын. Шәкірттері зейін салып тыңдайды. Ұстаздары: «Пәлен жердің ең атақты адамы пәленше мырза, дәл қазір бақшамызға келді, сәлден кейін ішке кіреді»,- дегенінде шәкірттердің бәрі терезеге қарай ұмтылады. Қараса, келіп тұрған ешкім жоқ. Сосын ұстаздарына қарата: «Ұстаз, ешкім жоқ қой»,- дейді. Ұстаздары былай деп жауап береді:
«Иә, ешкім жоқ. Мен сендерге өтірік айтамын деп ескерттім ғой, ал сендер терезеге қарай жүгірдіңдер. Айта-айта аузымыз да шаршады. Бүкіл кітаптарда бұл дүниенің жалған екені жазылған. Ал сендер әлі жалғанның артынан қуып жүрсіңдер. Адамның нәпісі деген осы. Шайтанның алдауы деген осы. Адамды түстің соңынан, қиялдың артынан ергізеді. Сөйтіп еріп жүргенде бір қараса өмірі біткен болады...