Күннің тарихы... Әлихан Бөкейхан (1)
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 5 наурыз 1866 жылы Қарқаралы уезді, Семей облысы, Дала Өлкесінде дүниеге келді. 27 қыркүйек 1937 жылы Мәскеуде атып өлтірілді.
XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
1879-1886 ж. Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. 1886-1890 ж. Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша бітіріп шықты.
1890-1894 ж. Санкт Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқыды. 1896 – 1903 ж. Щербина экспедициясы жұмысына қатысты. Әлихан Бөкейхан экспедиция жұмысына қатысу барысында қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және орталық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқайды. Ол қазақ даласын отарлау саясатына білек сыбана кіріскен патша өкіметімен күрес жүргізу үшін әуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді, сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы тұрған саяси күрестерге сүйенуді алға тартты.
Әлихан 1905 жылы қарашада Мәскеуде өткен Земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының жоғын жоқтап сөз сөйледі. Сөзінде ол қазақ халқының тіл, сайлау, дін, т.б. бостандықтары мәселесін көтерді. XX-ғ. басындағы қазақ қоғамының саяси және рухани өмірін де «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне Бөкейханов зор еңбек сіңірді.